БҚО ауылдары интернетсіз отыр
Көп ауылда кеңжолақты интернет тек мекеме-ұйымдарда ғана бар. Бірақ тұрғындар өз үйінде ғаламтор игілігін көре алмай отыр. Ұялы байланыс операторларының жоспарына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін адам саны 250-ден асатын 50 шақты ауылға базалық станция орнатылуы тиіс. Әзірге бар үміт сонда.
Интернет игілігінен шет қалып отырған Жақсыбай ауылы дәл шекара аумағында орналасқан. Мыңның үстінде тұрғыны бар ауыл халқы ғасыр жетістігін пайдалану үшін көрші елдің байланыс қызметін тұтынуға мәжбүр.
Бексұлтан Забихолла, оқушы:
- Интернет болса, пайдалы заттарға жұмсайтын едім. Мысалы, өзіме қызықты мақал-мәтелдер іздейтін едім. Бізде қазір ресейлік роутер, ал қазақстандық әлі шыққан жоқ.
Аудан орталығына ең жақын орналасқан Ұзынкөл ауылында да осыған ұқсас жағдай.
Нұрлан Едігенов, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:
- Біздің ауылға 2021 жылы интернет желісі қойылды. Бірақ қазір 100% жұмыс істемейді. Мемлекеттік сайттарға, әлеуметтік желілерге 10-15 минуттан кейін кіре аламыз. Сол порталдармен жұмыс істеу үшін 22 шақырым жердегі Жәнібек ауданына баруға мәжбүрміз. Кейде өзіміздің ауылдық мектептен ғана кіріп, қолданып отырамыз.
Жәнібек ауданына қарасты тоғыз ауылдық округтің жетеуі талшықты оптикалық желіге қосылған. Жоспар бойынша Талов пен Борсы ауылына екінші кезеңде тартылуы тиіс еді. Бірақ мемлекет және жекеменшік әріптестік аясында жүргізілуі тиіс жұмыстар әлі басталған жоқ. Осы округтерге қарайтын 18 елді мекенде жағдай тіпті қиын.
Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:
- Елді мекендерде интернет байланысы қиындық тудырады. Әсіресе Жақсыбай, Тегісшіл, Майтүбек, Талов, Ақадыр, Көлтабан елді мекендерінде интернет желісі нашар. Бұл жерлерден республикалық жолдар өтеді. Енді келешекте осы республикалық жолдар бойындағы интернет сапасы жақсарады деп сенеміз. Байланыс желілеріне, соның ішінде осы салада қызмет көрсететін операторларға ұсыныс хаттар жолдап жатырмыз. Әзірге елді мекендер бойынша интернет сапасы жақсара қойған жоқ.
Батыс Қазақстан облысындағы 416 елді мекеннің 323-і интернетке қосылған. Әрине, олардың дені мобильді байланыс операторларының көмегіне жүгінетіні рас. Өкінішке қарай, сапасы көңілден шыға бермейді. Өңіраралық байланыс инспекциясы жыл басынан бері жоспардан тыс 18 рет тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 14 ауылда ұялы байланыс операторларының қызмет сапасы техникалық өлшеу параметрлеріне сәйкес болмай шықты.
Айвар Сұлташев, өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы:
- 3G интернет жылдамдығы 1 мегабит секундтан кем болмауы керек, ал олар 4G қызмет ұсынса, оның жылдамдығы 5 мегабит секундқа тең. Бірақ көбіне базалық станцияға шамадан тыс күш түседі немесе өзге де себептерге қарай қандай да бір ауылды интернет ағынымен қамти алмай жатады. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде, әкімшілік жаза ретінде жалпы сомасы 8 млн 882 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша соңғы 3 жылда 200-ден аса ауылға талшықты оптикалық желі тартылу жоспарланған еді. Бұл жоспар жартылай ғана орындалды. Ал аймақты толықтай кеңжолақты интернетпен қамту әзірге мүмкін болмай отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов