Петропавл іргесіндегі Шаховское ауылында жол жоқ
Еліміз тәуелсіздік алғалы ауылға апаратын күре жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Ал билік жылда құрғақ уәдемен сендіріп келеді.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Шаховское елді мекені облыс орталығынан 14 шақырым жерде ғана орналасқан. Қыстың өзін айтпағанда, жазда бұл ауылмен байланыс қиындайды. Автобус жиі қатынамайды. Ал такси жүргізушілері осы аралыққа небәрі үш мыңнан бес мың теңге көлемінде ақша алады.
Қала іргесіндегі ауыл тұрғындары еліміз егемендік алғалы осы мәселені көтеріп келеді. Себебі шұрық-тесік жол жергілікті халықты әбден мезі қылған. Ал жаңбырда көлікпен жүрудің өзі қиын.
Кубар Ахметова, Шаховское ауылының тұрғыны:
- Мұнда көшіп келгеніме 8 жыл болды. Ұлым қалада жұмыс істейді. Жылда күзде және көктемде әкім келеді де, мәселе шешіледі деп уәде беріп кетеді. Қателеспесем, 8 жылда 8 әкім ауысты. Осыдан екі жыл бұрын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізгендей болған еді. Бірақ ол қуаныш көпке созылмады.
Шаховское – 260-тан астам түтіні бар ауыл. Жергілікті халықтың басым бөлігі қалада жұмыс істейді. Жолдың жоқтығынан жедел жәрдем қызметі де уақытында келмейді.
Татьяна Сухачёва, Шаховское ауылының тұрғыны:
- Қалаға барып келуіміздің өзі мұң. Көлігіміз жиі сынады. Әне-міне жөндейді деп айтады. Негізі биыл мамырда жұмыс басталуы тиіс еді. Ал қазір маусым айының ортасы болды.
Жергілікті әкімдік өкілдері: «Жолды жөндеу жұмысы келер апта басталады», - деп тағы сендіріп отыр.
Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Аз ғана қалды. Шыдаңыздар. Орташа жөндеу жұмыстары басталады. Ол үшін 118 миллион теңге бөлінді. Күрделі жөндеуге де біраз уақыттан соң қосымша қаражат бөлінеді.
Мамандар қазір жолды екі учаскеге бөлген. Яғни жартысына жуығы қайта жаңартылады. Қалғаны орташа жөнделеді.
Мақсат Баяхмет, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Биыл күрделі жөндеуге 150 млн теңге қарастырылған. Егер ауа райы жақсы болса, қосымша қаржы бөлінуі мүмкін. Жалпы осы жолды жаңғырту үшін шамамен 900 миллион теңге қаржы қажет.
Жоба екіжылдық. Ал биыл тек үш шақырымдай ғана жол қайта жаңартылады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов