Павлодарлық шаруалар Еуропадан мал аламыз деп сан соғып қалды
Бүгінде тоғыз шаруа қожалығына көмек көрсетілсе, қалған 11-і шетелден келетін ірі қараны күтіп отыр. Солардың бірі – Баянауыл ауданындағы «Ата қоныс» шаруа қожалығы.
Теміржан Қишев мал шаруашылығымен 30 жылдан бері айналысып келген. Екі мың гектардай жері бар. Мемлекеттік бағдарлама туралы атқарушы билік өкілдерінен естіген. «Несие ал деп үгіттеген де солар», – дейді.
Теміржан Қишев, шаруа қожалығының басшысы:
- Өз малым өзіме жетуші еді. Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығының басшысы, өзіміздің совхоздың әкімі шақырып, міне, бағдарлама бар, шетелден экспорт-импорт арқылы мал алу керек деген. Сіздің енді жағдайыңыз, бірнеше жыл тәжірибеңіз бар, мал баққансыз, осы елімізді, ауылымызды көркейтейік деді.
Ақыры әкімдік өкілдері оны «Сыбаға» бағдарламасына қатысуға көндіреді. Көндіріп қана қоймай, үшжақты келісімшарт жасасып, жүз бас асылтұқымды герефорд тайыншаларын жеткізіп беретін операторды да өздері тауып береді. Ал Теміржан Қишев несие рәсімдеп, 85 миллион тенгені қостанайлық серіктестіктің жеке шотына аударады. Осы жылдың күзінде несиенің 20 миллион теңгесін қайтаруы тиіс болатын. Оны ет бағытындағы асылтұқымды малдың есебінен жабамын деп жоспарлапты.
Теміржан Қишев, шаруа қожалығының басшысы:
- Өздері әкеледі, өздері береді, міне, операторы, біз облыстың ауылшаруашылық басшысы, облыс әкімінің орынбасары осының бәрін біледі. Бәрін қадағалап отырады. Сіздің ешқандай шаруаңыз жоқ. «Тек осы несиені алып, малды аламын десеңіз болды», – деді.
Асылтұқымды мал басын көбейтуге Теміржан Қишев тыңғылықты дайындалыпты. Қолындағы 100 бас қара малын сатып, жаңадан мал тұратын қыстақ, жұмысшыларға арнап үй салады. Малға ие болсын деп Қарағандыда қызметте жүрген ұлын отбасымен көшіріп алады.
Теміржан Қишев, шаруа қожалығының басшысы:
- Міне, қазір кісі тұрмағаннан кейін қабырғасы бәрі құлайын деп жатыр. Бос тұрғанына екінші жыл кетті. Біз қыркүйек-қазан айларында бастадық, қарашада салып бітірдік. Міне, содан бері кісі жоқ.
Мемлекеттік бағдарлама Павлодар облысының шаруалары үшін сәтсіз аяқталған сияқты. Облыс бойынша 11 шаруашылық сыбағадан қағылды. Олар Еуропадан мал аламыз деп сан соғып қалды.
Нұрболат Мақашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Әрбір шаруашылық бойынша мониторинг жүргіземіз. Сонымен қатар шаруашылықтарға құқықтық көмек беру мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының құқықтық бөлімдерімен тығыз жұмыстамыз. Енді бұл жерде тек қана соңғы шешім мына соттың шешімі қалай шығады, соған байланысты болады.
Белгілі болғандай, шаруа қожалығына мал әкелуі тиіс оператордың өзі қиындыққа тап болыпты. Келісімшартты орындау мерзімі бүкіләлемдік пандемиямен тұспа-тұс келген. Енді оператор германиялық жеткізушіден төленіп қойған соманы сот арқылы өндіріп алмақ.
Марк Гумеров, серіктестіктің атқарушы директоры:
- Жеткізуші бізге малды әлі күнге дейін әкелмей отыр. Тапсырысты орындаушы негізінде Германия тарапымен келісімшартқа отырған едік. Онда малды жеткізу мерзімі, іріктеу процедуралары жазылған. Қарсы тараппен негізсіз алынған қаржыны өндіріп алу процесі жүріп жатыр.
Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көреміз деген шаруалар шығынға белшеден батты. Сенім артқан операторлар тек делдалдық қызмет атқарғандарын айтып ақталуда. Ал шетел асып кеткен қаржыны қайтаруға соттың қауқары жете ме? Ол жағын уақыт көрсетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат