Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлердің шатыры жабылмай қалған
Тұрғындардың айтуынша, құрылысшылар жұмысты аяқтамай, тастап кеткен. Енді жаңбыр жауса, жоғары қабаттағы пәтерлерге су ағады.
Бұл үйдің тұрғындары «шатыр ауыстырылады» дегенде қатты қуанған. Өйткені бұрынғысынан су ағатын. Бірақ қаңтар айында басталған жұмыстың бітетін түрі жоқ. Құрылысшылар соңына дейін жеткізбей кеткен. Ал оларға бюджеттен 80 млн теңге бөлінген.
Елена Кустова, ПИК төрағасы:
- Мен мердігерге екі апта бойы хабарласып жатырмын. «Әне-міне келеміз», - дейді. Әлі жоқ. Оларда ақша жоқ сияқты. Енді қашанға күте береміз?!
Көрші мекенжайдағы үйдің жағдайы тіпті жаман. Төбеде тек құрылысшылардың жұмыс киімдері, құрал-саймандары мен әр жерде шашылып жатқан материалдарды көруге болады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Міне, үйдің төбесінде жұмыс істеп жүрген бірде-бір адам жоқ. Құрылысшылар бәрін тастап кеткен. Ал шатыр сол күйі жабылмай қалған.
Қазір жаңбырдың суы жоғары қабаттағы пәтерлерге ағып, қабырғалар дымқыл тартқан. Бір қызығы, бұл үйдің тұрғындары: «Шатырдың ауыстырылуына әу бастан қарсы болдық», - дейді.
Владислав Петровский, қала тұрғыны:
- Хаттаманың көшірмесін көріп таңғалдық. Біздің атымыздан жалған қол қойылған. Сондықтан өзіміз сауал жүргіздік. Шатырдың жөнделуіне тұрғындардың жартысына жуығы қарсы болды.
Бұл үйлердің шатыры мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыстырылып жатыр. Яғни тұрғындар оған бөлінген қаржыны 15 жыл бойы бөліп төлеуі тиіс. Әкімдік қызметкерлері: «Олар жұмысты қабылдамай, сотқа шағымдана алады», - дейді.
Әсем Айтолла, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Сәуір айында жұмыстардың аяқталу уақыты 20 шілдеге дейін шегерілген болатын. Егер 20 шілдеге дейін жұмыстар аяқталмаған жағдайда, жаңағы КСК өкілдері мердігер компанияны сотқа бере алады. Себебі келісімшартқа сай жұмыстар аяқталған жоқ.
Биыл Петропавлда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 16 үйдің шатыры ауыстырылуы тиіс.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов