Алакөлге ұшақ қашан қатынайды?
Міне, шілденің ортасына да ауып барады. Алайда айтылған уәде орындалмады. Құрылыс әлі бітпеген. Бұл әсіресе туристер үшін қиындық тудырып отыр.
Алакөлге көлікпен тартқан әрбір адам қос бүйрегін қолына ұстап барады. Жол жоқ. Сондықтан халық ұшақты тағатсыздана күтіп жүр. Әуежай құрылысы неге мұнша созылып кетті? Үржар ауданы әкімдігі мамандарының айтуынша, әуежайдағы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Ұшу-қону жолағы 1500 метрден 2100 метрге ұлғайтылды. Бұдан бөлек екі басқару жолағы, бір перон, бақылау мұнарасы, жанар-жағармай стансасы мен су тазарту жүйесі салынған.
Жоба құны 4 миллиард 780 миллион теңге. Әуежайдың іске қосылмай жатқанына Азаматтық авиация комитеті мамандарының тексеруі себеп болған секілді.
Маман Ежанхан, Үржар аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Азаматтық авиация комитетінің мамандарымен 4-6 шілде аралығында сертификациялау өтті. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шамамен шілде айының 20-27-сі аяқтаймыз деп жоспарланып отыр. Азаматтық авиация комитетінің мамандарын қайта шақырып, сертификаттау өткеннен кейін ұшақтар ұшуды бастайды.