Құс өндірушілер қолдауға зәру
Мамандар елордада өткен IX халықаралық құс өндірушілер форумында бірқатар мәселені ортаға салды.
Күнделікті ас мәзіріндегі құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Құс еті жеңіл қорытылады, протеинге бай. Ал оның мамығын киім, көрпе-жастық өндірісінде пайдаланса, саңғырығы топырақ құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш ретінде кең қолданылады.
«Осынша көл-көсір пайдасы бар құс шаруашылығы бүгінде қолдауға зәру», - дейді мамандар.
Руслан Шәріпов, Құс өсірушілер одағының президенті:
- Бүгінгі таңда бір тонна жем 180-190 мың болды. Жұмыртқа мен тауық азығы ет өнімдерінің өзіндік құнының 70% құрайды. Егер бидай арзан болса, біздің өнімдеріміз де нарықта арзан болады. Бәрі мемлекеттің қолдауына байланысты.
Алайда құзіретті министрлік бүгінде халықты жұмыртқа өнімдерімен қамтамасыз ету 100% жеткенін, ал құс етімен қамтамасыз ету 65% құрайтынын және алдағы жылдары тағы бірнеше құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтып, бұл саладағы оң өзгерістердің көп екеніне сендірді.
Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- 2022 жылы жұмыртқаны субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 6,5 млрд теңге және «Азық-түлік корпорациясының» жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 200 мың тонна көлемінде дәнді-дақылдарды сатып алуға бағытталады. Сөйтіп, 150 мың тонна бидай құс фабрикаларына нарықтық бағадан 30% төмен бағамен сатылады.
Қазіргі кезде елімізде 56 құс фабрикасы бар. Меморандумға сәйкес, фермерлер жұмыртқаны 34 теңгеден, ал құс етін 930 теңгеден өткізуі тиіс. Бірақ дүкенге жеткенде жұмыртқаның бағасы 400 теңгеден асып жығылатыны өкінішті.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Серік Қоңырбаев