Қантқа қашан қарық боламыз?
Ұйымдастырушы – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Жүзге жуық диқан жиналған іс-шараның мақсаты – шаруаларға суды үнемді пайдаланудың тиімділігін, нақты тәжірибеде көрсету. Себебі қант қызылшасын өсірудегі кедергінің бірі – су тапшылығы.
Биыл «Қызылшоқы» серіктестігі тәлімі жерге алғаш рет қант қызылшасын екті. Егістік көлемі – 314 гектар. Өнімді мол алғысы келген шаруаға алдымен су керек. Былтыр өңірде қуаңшылық болды. Су қорлары азайғандықтан, қант қызылшасы алқаптарының аумағы кеміді. Дегенмен «Қызылшоқы» серіктестігінің басшысы суды үнемді пайдаланып, алқапты тамшылатып суғаруға көшті. Сол мақсатта лизинг көмегіне жүгінді.
Алдан Бекеев,серіктестік директоры:
- Лизинг арқылы 12 мәшине алдық. Соның арқасында биыл қант қызылшасын суғарып, келешекте 800-1000 гектарға жеткізсек деген жоспарымыз бар.
Анас Баққожаев, «Ауыл» ХДПП хатшысы:
- Табиғи су көздері шөгіп жатқан кезде замануи технологияларды әкеп, жасанды суғару технологияның арқасында шаруалардың тиімділігін көтеріп, экономикалық жағдайын жақсартсақ, сонда ғана ауыл адамдарына жұмыс та болады. Ауылдық инфрақұрылымға көмек болады. Ең басты мақсат осы.
Қант қызылшасын өсіруде агротехниканың орны ерекше. Бірақ қолда бар техника ескірген. Жаңасын алуға барлық фермердің жағдайы жете бермейді. Бұл да егіс алқаптарын үлкейтуге кедергі келтіріп отыр. Дегенмен стратегиялық өніммен өз-өзімізді толық қамтамасыз ету үшін алқаптарды әлі де ұлғайту керек. «Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, 5 жылға бөлінетін 200 млрд теңге көлемінде субсидия қажет», – дейді мамандар.
Саха Манатов, шаруа қожалығының басшысы:
- 200 млрд арқылы бүкіл Қазақстанның қант саласының проблемасын шешуге болады. Мысалы, ол – жұмыс мәселесі. Ауылдарда бәрі жұмыс жасайды. Қант қызылшасы 50 мың гектар болса, ол 50 мың адамға жұмыс бар деген сөз. Норматив бойынша бір гектарға бір адам жұмыс жасайды.
Дала күні шарасы аясында Павлодар, Жамбыл мен Жетісу өңірінің шаруалары қант қызылшасын өсіру жөнінде пікір алмасты. Үнемді суару жүйелерімен қатар тұқым, тыңайтқыш пен гербицидтерге тиісті мән беру керек. Ғылыми-инновациялық жобаларды қолдау керек. Сондай-ақ шаруалар үшін мемлекеттік субсидия мен арзан несие мәселесі бәрібір өзекті болып қала бермек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов