Алматы әкімдігі әлеуметтік желіде жарияланған шағымдарды елемейді
Шындап келгенде бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына қайшы. Мегаполис тұрғындары осылай деп жергілікті биліктің жұмысына көңілдері толмайтынын айтып, наразылық білдіріп отыр. Ал әкімдіктің бұған өз айтары бар.
Алматылық Василий Шупейкин – әлеуметтік желіде қаланың тыныс-тіршілігін бақылап отыратын топтың әкімшісі. Топ қатысушылары мегаполистегі шешімін күткен өзекті жайттар мен шаһардың дамуына қатысты ұсыныс-пікірлер осы парақшада жариялайды. Василий Шупейкиннің айтуынша, соңғы кезде әкімдік олар көтерген мәселені көзге ілмейді. Сауалының жауабын білейін десе, бір-біріне сілтеп, жарытып жауап бермейді.
Василий Шупейкин, қоғам белсендісі:
- Қала әкімдігі, аудандық әкімдіктер, тіпті басқармаларға дейін дұрыс жауап бермейді. Бұл – жеке бастың мәселесі емес. Бұл топта 20 мыңға тарта қатысушы бар. Яғни осынша адам жауап күтеді деген сөз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, дер кезінде жауап беру керек деген арнайы бұйрығы бар. Әкімдіктің соны ескермегені ма?
Қала тұрғындарын көбіне тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылым мәселесі алаңдатады. Алматылықтар өз қаласын жақсы көреді. Сондықтан оның тағдырына бейжай қарай алмайды.
Василий Шупейкин, қоғам белсендісі:
- Жасырын емес, айтылып, жазылып жатқан жайттың басым бөлігі – әлеуметтік мәселелер. Шаһардың тазалығы, жарық, абаттандыру, тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары сияқты. Мәселен, әлі ескіре қоймаған жол бойындағы жиектастарды ауыстырып жатады немесе әлі тоза қоймаған жолға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Біз оған қарсылығымызды білдіріп, өз ұсыныс-пікірімізді айтамыз. Бюджет қаржысы тиімді пайдаланылса екен дейміз. Ол қаражатты бұдан да маңызды шаруаға жұмсаған жөн.
Ал әкімдіктің бұған өз айтары бар. Олардың айтуынша, тұрғындар сауалы жауапсыз қалмайды. Тек осы жылдың өзінде 160 мыңға тарта өтініш түскен. Ал әлеуметтік желі арқылы 33 мыңнан астам өтініш қабылданған.
Дәурен Мәженов, «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығының директоры:
- «Open Almaty» мамандары әлеуметтік желінің қолданушылары жазбаларының астында әкімдіктің парақшалары, «Open Almaty» парақшасы тіркелген болса, сол жазбаларды өтініш ретінде қабылдайды. Алайда ол жазбалардың параметрлері комментарий жазуға немесе оқуға қолжетімді болмаса, ол өтініштер тіркелмейді. Сондықтан сол топтарда авторлардың жазған жазбалары пікір жазу мүмкіндігін қарастыруы, болуы шарт.
Өтініш заңға сәйкес қабылданады. Қажет болған жағдайда қарастыру уақыты созылуы мүмкін. Әкімдіктің жауабы осыған келіп саяды. Ал қаланың түйткілді жайттарын көтеріп жүрген жандар «еститін мемлекет» болу үшін жылдам қимылдау керек дегеннен танбайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон, Кенже Амраев