Биылдан бастап өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі ұлғайды
Түркістан облысында жыл басынан бері осындай 30 адам қайтарымсыз грант алды.
Гүлжан Жантөреева – ІІІ топ мүгедегі. Бірнеше жылдан бері көз жанары дұрыс көрмейді. Сондықтан тұрақты жұмысқа жарамайды. Алайда жеті баланың анасына қол қусырып, үйде қарап отыруға тағы болмайды. Жолдасының табысы мардымсыз. Сондықтан ол өткен жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 580 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш пен үлкен тоңазытқыш және бұлғауыш сатып алыпты. Сөйтіп өзінің бала күнгі арманына қол жеткізді.
Гүлжан Жантөреева, Шардара ауданының тұрғыны:
- Қазір енді интернет дамыған заман ғой. Телефонмен онлайн, ютубтан қараймыз, тренингке қатысамыз. Жоспарым – кәсібімді ары қарай дамыту.
Ал Фазылбек Тұрысбеков – ІІ топ мүгедегі. Бауыр ауруына шалдыққан. Бірнеше жылдан бері ешкінің сүтін ішіп, емделіп келеді. Алайда бір күні ол: «Қып-қызыл ақшаға сүтті сатып алғанша, сол ешкіні неге өзім өсіріп, бақпасқа деген ой келді», – дейді. Содан бизнес жобасын әзірлеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы грант ұтып алған. Оған немістің оншақты сүтті ешкісін сатып алып, қазір қызығын да, пайдасын да көріп отыр.
Фазылбек Тұрсынбаев, Шардара ауданының тұрғыны:
- Шүкір, жақсы ішіп жатырмыз. Сатып та жатырмыз. Негізі бұның сүті қымбат, 1 литрі – 700 теңге. Мен халықтың жағдайына қарап, 500 теңгеден сатып жатырмыз. Үйден сатып алып кетеді. Бұйырса, көбейтеміз деген ойдамыз.
Өткен жылы Шардара ауданы бойынша өз бизнес жобасын ұсынған 115 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған. Олардың басым бөлігі кондитерлік өнім түрлерін шығаратын цех, дәмхана, жылыжай, шаштараз, қақпа жасайтын орталық ашып, өз кәсібін жүргізіп жатыр. Олардың арасында да мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Бағила Ибрагимова, аудандық Жұмыспен қамту орталығының бас маманы:
- Биылғы жылы басында 70 азаматқа жоспарланған. Тағы 68 азаматқа сұратып жатырмыз. Грант аламын деушілер көп. Барлық құжатты тапсыру қазір электронды түрде жүреді. Жыл басында 20 азамат электронды түрде құжат тапсырып, комиссия шешімі негізінде 20 азамат 24 млн теңге грант алды. Жыл соңына дейін 138 азаматқа гарнат береміз деген ниетіміз бар.
Биылдан бастап өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі ұлғайды. Бұрын 550 мың теңге алып келсе, қазір бұл сомма 1 млн 200 теңгеге жетті. Биыл Түркістан облысы бойынша 2765 азаматқа грант беру жоспарланып отыр. Бірінші тоқсанда 300 адам қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізсе, соның 30-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов