ШҚО-дағы Раздольный тұрғындары ауыл болашағынан үміт үзді
Өйткені қазір ауылда жұмыс орны жоқ, жастар немен айналысарын білмей дал. Түтін саны күн санап азайып барады. Ауылдың осындай күйге түсуіне не себеп? Тұрғындарды ашындырған қандай мәселе?
Раздольный аудан орталығына тиіп тұр. Сонысына қарамастан, мәселесі шаш етектен. «Шап-шағын ауыл шашырап тозып барады», – дейді осы ауылдың байырғы тұрғыны, тоғыз баланың анасы Зейнеп Ахметжанова. Бұрын жеміс жидегі төгіліп тұрған әп-әдемі ауылдың бүгінде берекесі кетіпті.
Зейнеп Ахметжанова, Раздольный ауылының тұрғыны:
- Ауылда түк қалған жоқ. Қазір мал, қаз да, үйрек те ұстамаймыз. Тауық та ұстай алмайды кейбіреулер. Неге десеңіз, бидай сеппейді, жеріміздің бәрін біреуге бере салған.
Раздольныйдың осындай күйге түсуіне ауыл тұрғындары «Сарышоқы Агро» серіктестігін кінәлайды. Айтуларынша, мұндағы жұрттың көпшілігі осы жетекшіліктің құрамына құрылтайшы болып кіріп, пайларын берген. «Алайда енді оның құрамынан шыққымыз келеді», – дейді ауылдықтар.
Жәнібек Рахымжанов, Раздольный ауылының тұрғыны:
- Неге шыққымыз келеді, себебі осыдан 12 жыл бұрын берген уәдесін орындамады. Ауылды көтеремін, қарттарға көмектесемін, жұмыс беремін деген еді, бірі де жоқ.
Тұрғындар қазір серіктестіктің «мазағына» айналдық деп ызаланады. Өйткені пайдан көріп отырған пайда жоқ.
Марина Тупицина, Раздольный ауылының тұрғыны
- Наубайхана, машина-трактор шеберханасы, ұстахана сияқты мүліктік пайдың барлығы қағазда тұр, бірақ шын мәнінде түк жоқ. Олар қайда кетті?
Тұрғындар егер мүліктік пай сатылып кетсе, одан неге «бейхабармыз» деп ашынады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл – бүтін бір ауылды қамтамасыз еткен кезіндегі наубайхананың түрі. Он екі жыл болды осындай жағдайға түсіпті. Қазір Раздольный ауылының тұрғындары көрші ауылдардан тасымалданатын нанға қарап отыр. Кейде жол жабылып көлік қатынасы қиындаған сәтте тіпті бір бөлке нанға зар болып қалатын күндері бар екен.
«Сарышоқы Агро» басшылығымен біз де кездесіп, мән-жайды білуге тырыстық. Ауылдан таппадық. Үйіне де іздеп бардық. Есік ашпады. Соңынан тілдескенімізде, қандай да бір сұхбат беруден бас тартты. Облыстық жер қатынастары басқармасының серіктестік пен ауылдықтар арасындағы дауға араласуға құқысы жоқ. Тек кеңес қана бере алады.
Надежда Михейлис, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Мұндай жағдайда құрылтайшылар серіктестік жетекшісі қатыспаса да, жалпы жиналыс өткізе алады. Осылайша жиынға қатысқандар серіктестіктен шығуға 50% кем емес дауыс берсе, ол заңдық күшке ие болып, хаттамада көрсетіледі. Сөйтіп олар үлестерін алып әрі қарай басқа шаруашылыққа өте ме, әлде жеке қожалық құрып кете ме, өздері шешеді.
Жұрт енді «Amanat» партиясына арыз жазып, қолдау күтіп отыр. Ал әзірге Раздольный бойынша бір ғана жағымды жаңалық естідік. Аудан бюджеті мақұлданған жағдайда ауылға кіреберіс екі шақырым жол мен ауылдық клуб жөнделмекші. Бірақ оған дейін мұнда «оны қажет ететін халық қалар ма екен?»...
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов.Дмитрий Пыхтин