Бәйдібек ауданында көпбалалы отбасы қарбыз егіп, табысқа кенелді
Бұған дейін жұмыссыздардың санын көбейтіп келген ерлі-зайыптылар өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қауын-қарбыз еккен.
Ерлі-зайыпты Есенғали мен Жанар жаз шықса болды, күндіз-түні алқап басында. Еңбек еткен адамның несібесі артатынын олар жақсы біледі. Себебі бұған дейін екеуі де жұмыссыз болды. Бес баланы жеткізудің оңай емес екенін жақсы түсінеді. Өткен жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 583 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Сөйтіп, 3,5 гектарға қауын-қарбыз егіп, одан 150 тонна өнім алды. Тапқан табысын үнемдеп, биыл егістік көлемін 4 гектарға ұлғайтты. Тек қауын-қарбыз ғана емес, бақша және мал азығы дақылдарын да еккен. Отбасылық кәсіп болғандықтан, балаларын да еңбекке баулиды.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қазір Түркістан облысының оңтүстік аудандары – Шардара, Жетісай, Мақтааралда қарбыз дақылы толық пісіп, аяқталуға жақын. Ал ауа райы ерекше таулы аймақта орналасқан Бәйдібек ауданында қарбыз дақылы енді пісіп жатыр. Әрі бұл дақылға ешқандай химиялық қоспа қосылмаған, таза табиғи жолмен піскен. Сондықтан дәмі тіл үйіретін қарбызға сұраныс та көп.
Есенғали Алтаев, ШАқпақ ауылының тұрғыны:
- Сұраныс жақсы. Осы Бәйдібек ауданына, Шаянға өткіземіз. Мына жерде Алғабас елді мекенінде тұрамын, ауылымды қамтамасыз етемін. Жан-жақтан келіп, алып кететіндер бар. Қазір қарбыздың бағасы көтеріліп, дұрыстау болып қалды. Келісін 70-80 теңгеден сатып жатырмыз.
Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, «Бастау бизнес» бағдарламасымен 184 азамат оқып, оның 80-і қайтарымсыз грантқа ие болған.
Болат Алшымбаев, аудандық Жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:
- 2021-2025 жылдар Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба шеңберінде биылғы жылы 70 азаматқа мемлекеттік грант беру көзделген. Қазіргі таңда 10 адам грант алды. Грант алушылардың басым көпшілігі сұлулық салоны, құрылыс өнімдерін шығару, тігін шеберханасын ашу, жылыжай, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы бар, осы бағыттармен көбі грант алып жатыр.
Қазір кәсіптің көзін тапқандар ауылды жерлерде де көп. Бірақ тепсе, темір үзетін, алайда «жұмыс жоқ» деген желеумен өзін ақтап алғысы келетіндер де бар. Жанын қинамай, оңай жолмен олжалы болғысы келетіндерге Есенғали мен Жанардың осы еңбегі үлгі болары анық.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш