Ақтөбеде екі спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр
Мұнда да көптеген спорт түрі дәріптеледі. Екі нысан қала тарихында үлкен маңызға ие болмақ.
Балалар футбол академиясының құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы құны екі миллиард теңгеден асатын жоба іске асқанда футбол клубы мен жастар құрамасы ғана емес, ойынға құмар барша баланың жаттығуына мүмкіндік тумақ. Әсіресе қазір қаладағы №8 спорт мектебіне барып жүрген 900-ден астам жасөспірімнің бір орында және жыл бойы жаттығуына жағдай жасалады. Нәтижесінде, қыс кезінде шағын залдарды жағалау мәселесі жойылмақ.
Евгений Гончаров, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы:
- Ақтөбе көпшілік үшін футбол қаласы болып қалыптасты. Сондықтан осындай нысан салу – біз үшін тарихи жағдай. Шаһар тұрғындары бұны талай кездесулерде сұрап жүрген еді. Бұл қазір ойындарға қатысып, жүлде алып жүрген футболшыларымыз үшін де аса қажет. Ең бастысы, балаларды даярлауға зор мүмкіндік болады.
Ал қаланың жаңа ауданында салынып жатқан ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалмақ. «Бірнеше қабатты нысанда олар еркін қозғалып, қалаған спорт түріне қатыса алады», - дейді жауапты басқарма қызметкерлері.
Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл жерде бұқаралық спорт түрі, яғни бассейн, күрес, футбол, волейбол мен теннистен жаттығулар өткізіліп тұрады. Қазір материалдың қымбаттауына байланысты жобаға түзету жұмыстары енгізіліп жатыр. 2023 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Жаңа үлгідегі екі бірдей спорт нысаны Ақтөбеде алғаш рет салынып жатыр. Жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 4 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков