М. Әшімбаев: Елордаға «Астана» атауын қайтару мәселесінде халықтың пікіріне құлақ асу керек
Шыны керек, біз қазір зауыт ашып, кәсіп қылып, инфрақұрылымды дамытып, озық технологияларды өндірудің орнына, қаланың атауын өзгертумен әлек болып жүрміз. Қолдағандардың арасында кезінде астананың аты Нұр-Сұлтан болсын деген депутаттар да жоқ емес.
Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Астанаға қатысты шешім қабылданған жоқ. Процесс жүруде. Мәжіліс депутаттары өтінім берді. Біздің қаламыздың тұрғындарының пікірі ең негізгі фактор. Халық не дейді солай болу керек.
Мәулен Әшімбаев: «Бұл жерде ешқандай саяси ойын жоқ»,–дейді. Депутаттардың ұсынысы әлі қаралу үстінде. Десе де бұл бағытта елдің пікірі маңызды екенін айтады.
Белгілі алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы болса елорданың «Астана» емес, тарихи атауына оралуын қалайды.
Сұлтанхан Аққұлұлы, алаштанушы:
-Өзінің тарихи атауы бар Ақмола деген. Біз неге соған оралмаймыз? Неге Астанаға оралуымыз керек? Бәлкім Ақмола отаршыл патшаның бекіні ретінде салынған болса, онда өзінің төл атауы бар Қараөткел деген. Біз соны неге қайтармаймыз?
Қала атауын өзгерту қыруар қаржы мен уақытты талап ететіні анық. Десе де билік өкілдері халықпен санасамыз деп отыр. Яғни көпшілік қолдаса, «Астана» атауы қайтарылуы бек мүмкін.
Авторы: Нұрлан Әбдікәрім, Азамат Саметов