Хабар телеарнасы

«Бурабай» ұлттық паркінің орманшылары бұғы азығын дайындау қамымен жүр

«Бурабай» ұлттық паркінің орманшылары қазір соның қамымен жүр. Жан-жануарларды және орманды қорғау үшін өз жұмыстарын цифрландырыпты. Соның нәтижесінде өрт пен заңсыз ағаш кесу азайып, браконьерлік тоқтаған. Ағаш егу бағытында да алға жылжу бар. 

Міне, бұғы мен еліктің қыста жейтін азығының бірі осы. Бұл — ақ қайыңның жапырағы. Орманшылар жыл сайын осындай буманың 120 мың данасын әзірлейді. Негізі жабайы жануарлар өздігімен күн көруге бейім. Ендеше бұл не үшін қажет? 

Қайырбай Балтабаев, «Бурабай» орманшылығының маманы:
- Қыстың күні азық аз. Қосымша тамақ ретінде біз осыны беріп отырамыз. Бурабай ұлттық паркінде 1500 бұғы бар. Жұмасына екі рет саламыз.

Маңайдағы ауыл халқы қазір мұнда жылқысын жайып, туристерді қыдыртып жүр. Тап осылар тұрған орынға қыста жаңағы айтқан бұғылар жиналады. Қайыңның жапырақтары сол кезде беріледі. Одан бөлек 700 тонна шөп әзірленеді. Орманшылардың бірқатары қазір трактордан түспей сол межені орындаудың қамымен тер төгіп жүр. Дала жануарларына деген қамқорлық мұнымен бітпейді.

Олар үшін мынадай арнайы тұз дайындалады. Бұл — ағзасы әлсіреген дала жануарлары үшін қыста таптырмайтын дәруменнің көзі. Әр азықтану орнында мұның көлемі 380 келі төңірегінде екен.

Бір жағынан жануарлары күзету, ал басты мақсаты орман аумағында өртті ерте анықтау үшін Бурабайда SMART жүйесі енгізіліпті. Мамандар арнайы камералар арқылы 129 мың гектар жасыл желекті алақандағыдай көріп отырады. Тек биылдың өзінде 18 өртті анықтаған. Қызыл жалын шарпыған аумақ небәрі жарты гектар. Былтыр 20 гектар орман өртенген екен.

Асылхан Ахметжанов, Жедел басқару орталығының бастығы:
-Камера түтін шыққан жерді көрсетеді. Мамандар оның қандай шаршыда орналасқанын анықтап, ең жақын тұрған өрт сөндірушілерге хабарлайды. Шамамен 10 минут көлемінде өртті ауыздықтау жұмыстары басталады. Оттың тұтануына найзағай, енді бірде туристер себепші болып жатады. Ондай тұлғаларға айыппұл салынады. Заңсыз ағаш кесушілер мен браконьерлер де осы мамандардың бақылауында. 

Орманды күзетумен қоса, оның аумағын кеңейту де мемлекеттік инспекторлардың міндеті. Биыл 66 гектар жерге көшет отырғызылыпты. Бұл тұрақты түрде жүргізілетін жұмыс. Бурабай жазғы туризмнің орталығы. Сол демалушылардан қалатын қоқыстың бірі ағашқа байланған шүберектер. Оларды тазалауға жергілікті оқушылар тартылыпты. «Адамдардың түсініксіз әрекетінен ағаштың көркі ғана бұзылмайды, оның тынысы да тарылады», — дейді мамандар. Бізде түсірілім кезінде азда болса осы сенбілікке өз үлесімізді қостық. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Әлібек