Семейдегі қоғамдық көліктер қақаған қыста жаздық жанармаймен жүр
Мамандар мұның себебін жанармай отынының қатып қалуымен байланыстырады. Ал оның зардабын халық көріп жатыр. «30 градус суықта автобус күтіп дірдектеген халық, шыдамның да шегі бар»,— деп налиды. Ал автопарк басшылығы: «Қысқы дизель отыны тым қымбат. Бірақ мынадай аязда қысқы отынның да сапасы сыр беруі мүмкін», — дейді. Тығырықтан шығудың бір жолы жанармай отынын сұйылтуға арналған түрлі химиялық қоспаларды пайдалану. Дегенмен автопарк иелері оны да қымбатсынып отыр.
Айтқали Көркембаев, жүргізуші:
-12 бағытта жүрген автобус, міне, жаңа ғана желіден шығып кеттім. Сапасыз жанармайды жұтып қояды да сөніп қалады. Ал адамдар аялдамаларына жете алмай шағым айтып жатыр. Көлік оталмай қалған соң амал жоқ, жолаушылардың бәрін түсіруге тура келді.
Николай Чнегов, автопарк заңгері:
-Біз қазір дизель отынын 260 теңгеден сатып алып отырмыз. Ал қысқы отынның құны 290 теңгеге шығады, әрі кез-келген жанармай құю бекеттерінде табыла бермейді. Сонымен бірге 20 градустық аязда ол отынның да тиімділігі нөлге тең болатынын тәжірибе көрсетіп отыр.