Еңбек қауіпсіздігі мәселесі елімізде өткір тұр
Мұндай мәліметпен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бөлісті. Оның айтуынша, жазатайым оқиғалар, әсіресе құрылыс, тау-кен саласында жиі кездеседі. 70% жағдайда оған жұмыс беруші кінәлі. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде қызметкерлер тарапынан кәсіподақ федерациясына 5800-ден астам өтініш келіп түскен. Онда көбіне құқықтарының сақталмағаны жайлы хабарланған. Сондықтан жауапты федерация бірқатар ұсыныс әзірлемек.
Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
-Қазіргі таңда еңбек инспекциялары бар екенін өздеріңіз білесіздер. Біріншіден, олардың саны аз. Мына халықаралық стандартқа сәйкес, 10 мың мүшесі бар кәсіпорында 1 инспектор болу керек. Бізде елімізде 23 мың адамға бір инспектор. Сондықтан бұл жеткіліксіз. Екіншіден, олар қазіргі таңда, жергілікті атқару билігіне тәуелді. Біздің түсінігімізде, оны еңбек министрлігіне тәуелді қылу керек.