Түркістан облысында Амангелді Сейітханды еске алу кеші өтті
«Жеңісті күндерде жүздескенше!»: тап осындай тақырыпта Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы спорт музейінде қазақ телевизиясының майталманы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған кеш өтті. Шараға Амангелді Муатханұлының жары мен ұлы және шәкірттері қатысып, қызықты естеліктерімен бөлісті. Одан кейін музейде «Жағымды жаңалықтың жаршысы болған жампоз жан» тақырыбында көрме ашылды. Амангелді Сейтіханның жары мен шәкірттері спорт комментаторының көзі тірісінде ұстаған микрофоны мен футбол ойнағанда киетін спорттық жейдесін және басқа да өзі тұтынған құнды заттарын музей қорына өткізді.
Бекасыл Сейітхан, Амангелді Сейітханның ұлы:
-Оның өмірлік ұстанымы және бізге қойған талаптары өте бір қатал заң деп білетінбіз. Дастархан басында сөз саптауымызға дейін мән беретін әкем, біздің тәрбиемізге де ерекше мән берді. Соның арқасында балаларының бәрі жан-жақты білім алып, өз мамандығының иесі болып жатыр. Сол себепті де әкемізге үлкен алғыс білдіреміз.