Қарағанды облысындағы көне үйлер жекенің қолына өтіп кеткен
Қарқаралы қаласындағы 200 жыл бұрын салынған көне үйлердің көпшілігі жекенің қолына өтіп кеткен. Күтім болмаған соң кейбірінің архитектуралық келбеті өзгеріп, бүгінде тоза бастапты. «Енді тарихи ғимараттарды сақтап қалудың жалғыз жолы мемлекет қорғауына алу», - дейді мамандар. Қазір арнайы комиссия қүрылып, осы бағытта сараптама жұмыстарын бастады.
Қарқаралы қаласындағы әйгілі Абай тоқтаған үй, Құнанбай салғызған мешіт, Әлімхан Ермеков ашқан мектеп ғимараттарын 19 ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгісі десе болады. Бір шеге қағылмай ағаштан өріліп салынған. Оны қызықтап келетін туристер қатары көбейген.
Сайлау Әлиев, өлкетанушы:
- Қарқаралының орталық тұсы, жаңа құрылыс салынбаған жерлер мұражай сияқты ғой. Бұны республикалық, облыстық бюджеттен жақсылап қолға алып, үлкен бір концепция, бағдарлама жасаса керемет көшеде аралап жүретін мұражай жасауға болады.
Осы күнге дейін Қарқаралы басындағы 14 көне ғимарат мемлекет қорғауына алынып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен әлі шамамен 10 үй тізімге алынбай отыр. Олардың барлығы әлдеқашан жекенің қолына өтіп кеткен.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Қарқаралыдағы ең көне үй осы. 1827 жылы салыныпты. Содан бері мұнда бірнеше отбасы тұрған. Қазір қаңырап бос тұр. Күтім болмаған соң жыл өткен сайын тарихи ғимарат тозып келеді.
Жуырда сондай ескі үйлердің бірі өртке оранды. Мұнда өткен ғасырдың басында алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі - Сәдуақас Чалымбетов тұрған екен.
Осы оқиғадан соң жергілікті әкімдік Қарқаралыдағы тарихи ғимараттардың барлығын мемлекет қорғауына алу жөнінде бастама көтерді. Қазір арнайы комиссия құрылып, мамандар сараптама жұмыстарына кірісіп кетті.
Елдос Әлкей, облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бөлім басшысы:
- Комиссия қарауынан өткеннен кейін бұл үйлер толыққанды мемлекеттік қорғауға алынатын болады. Яғни қорғау тақтасы орнатылады. Есепке алғаннан кейін, біздің қорғауда болғаннан кейін реставрациялық жұмыстарды жасай беруге болады.
Ал келешекте жалпы Қарағанды облысы бойынша 700 ескерткішке зертеу жұмыстары жүргізілмек. Оның 60 Қарқаралы ауданына тиесілі.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар