Хабар телеарнасы

Сарыбаевтарға арналып естелік тақта ашылды

Биыл қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін салушы, лингвист ағартушы-ғалым Шамғали Сарыбаевтың туғанына 130 жыл толды. Осыған орай Құрманғазы атындағы консерваторияда мәдени іс-шара ұйымдастырылып, «Ғұлама» деректі фильмі көрсетілді. Сондай-ақ Шамғали Харесұлының ұлдары Шора мен Болатқа және немересі Талғат Сарыбаевқа арналып, олар тұрған үйден естелік тақта ашылды.

Ескерткіш тақта қаланың тарихи орталығындағы Абылай хан даңғылы 113 үйдің қабырғасына орнатылды. Мұнда Сарыбаевтар әулеті әр жылдары тұрған. Шора Сарыбаев ұзақ жыл Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеді. Ол еңбектерін қазақ тіл білімінің лексикология, лексикография, грамматика, диалектология, тіл тарихы сияқты саласына арнады.

Қайрат Сарыбай, Шора Сарыбаевтың ұлы:
-Ұлт болғаннан кейін оның рухани мирасы болуы керек. Ұлт музыкасыз болмайды. Ұлт тілсіз болмайды. Сондықтан біздің ең басты миссиямыз бүгінгі ұрпақтың миссиясы аталарымыздың, ағаларымыздың, әкелеріміздің тастап кеткен мирасын бұлжытпай орындап, оны арығарай дамытып жұмыс атқаруымыз керек.

Шора Сарыбаевтың інісі музыкатанушы, ғалым Болат Сарыбаев өз өмірін қазақтың көне аспаптарын жинауға және оны жаңғыртуға арнады. Оның коллекциясында төрт жүзге жуық экспонат бар. Құнды жәдігерлер қазір Ұлттық музейде сақтаулы.

Толқын Забирова, әнші:
-Сарыбаевтар әулетінен Талғат ағамды жақсы таныған едік. Кезінде бірге жұмыс істедік. Кезінде көптеген әндерімнің аранжировкасын жасап берген. Керемет композитор. Бұл кісілердің жасап қалдырған еңбектері ұшан теңіз. Мол. Оны сақтау арығарай дамыту біздің борышымыз деп ойлаймын.

Сарыбаевтар әулеті алдағы уақытта музыка, өнер, мәдениет, тіл саласына арналған зерттеулерге қолдау көрсетпек. Осыған орай «Шамшырақ» деген қор құрылады. Қазақ ғылымын насихаттауға, дамуына осылай үлес қосуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев