Елдегі киік санын реттеу керек
Киіктің Орал популяциясы қорғауға алынған 20 жылда айтарлықтай өскен, жойылу қаупі жоқ. Батыс Қазақстан облысына арнайы барған халықаралық сарапшылар тобы бірауыздан осындай қорытынды шығарды. Германия, Швеция және британдық табиғат жанашырлары бірнеше күн бойы Казталов, Жәнібек аудандарында болып, жергілікті халықпен кездескен, лақтарын өргізіп жатқан жануарларды көзімен көрген. Оралда өткен консультативті кеңесте олар киік санын реттеуге қатысты ойларын ортаға салды. Сарапшылардың пікірінше, бөкенді өнеркәсіптік мақсатта ауласа, еті мен мүйізінен мемлекет біраз табысқа кенеледі. Бастысы олардың ареалы мен санын сақтау. Ал өңір үшін киіктің оптималды саны қанша болуы тиіс дегенде кеңеске қатысушылардың пікірі екіге жарылды. Жергілікті табиғат жанашырлары ауыл шаруашылығына зиян келтірмеу үшін дала еркелерінің саны 500 мыңнан аспағаны жөн деп санайды. Ал еуропалық сарапшылардың пайымы басқаша. Биылғы төлді қоспағанда, облыстағы киіктің саны қазір 1,5 млн-ға жуықтайтын көрінеді.
Михель Штефан, халықаралық сарапшы, табиғатты қорғау бірлестігінің өкілі:
- Мәселен, Германияда жылына 1 млн 300 мың елікті атады. Біздегі еліктердің саны мұндағы киікпен бірдей. Бірақ Қазақстанның аумағы Германиядан 7 есе үлкен. Сіздерде дала кең. Сондықтан бөкеннің саны осынша болу керек деп айта алмаймын. Ал киіктен шаруалар зардап шегіп жатқанына келісемін. Киіктің еті мен мүйізінен түскен пайда арнайы қорға құйылып, ол қордан сол шаруалардың шығыны төленіп тұрса, олар мұнша ашынбас еді. Қазір жергілікті фермерлер пайда емес, тек проблема көріп отыр.