Хабар телеарнасы

Отандық автоөндірістің жайы қалай?

Осы аптада Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-отырысы өтті.

Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, инвестиция, ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту хаттамасына қол қойылды. Тамырлас қос мемлекеттің байланысы беки бергені - жақсылық нышаны. Біраз жыл осы Моңғолиядан көптеп көлік тасымалдадық. Содан нәпақасын тапқан азаматтар бар. Енді Қостанайда өзіміз де машина жасауды қолға ала бастадық.

KAMLIT.KZ компаниясы индустриалды аймақта заманауи екі зауыт салып жатыр. Олардың жалпы аумағы - 67 мың шаршы метр. Мұнда жылына 45 мың тонна машина өндірісіне қажетті құйма металл бөлшектері және жүк көліктері үшін 74 мың редуктор шығарылады.

Дмитрий Гуртовой, «Kamlit.kz» ЖШС бас директоры:

- Бұл аумақта екі жүзден астам құрал-жабдық орнатылады. Өндіріс жоғары сапалы робот техникамен жабдықталып, толық автоматтандырылады. Шамамен 30 робот шойын құю зауытында, 20 робот автобөлшектер шығаратын зауытта қойылады. Ал енді өнімдерді технологиялық жергіліктендіру мәселесіне келетін болсақ, 90 проценті осында жасалады. Өткізу жағынан да қинала қоймаспыз. Өйткені бұл зауыт әлемдік маңызға ие.

Шетелдік инвесторлар мен қазақстандық өндірісшілердің бірлескен жобасын іске асыру 2020 жылы қолға алынды. Жоспары жасалып, келісімшарт бекітілгеннен кейін 2021 жылы құрылыс жұмысы басталды.

Дмитрий Гуртовой, «Kamlit.kz» ЖШС бас директоры:

- Бүгінгі таңда құрал-жабдықтардың негізігі бөлігі келісімшарт арқылы бекітілді. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Зауыттың жүрегі – автоматтар өзегін монтаждау. Алғашқы машина әкелінді. Оны осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында құрастырып, жинаймыз. Қараша айында алғашқы цилиндрлер блогын құя бастаймыз.

Әзірге зауытта құрал-жабдықтардың бір бөлігі орнатылған. Бір ай бұрын төрт металл балқыту пеші сынақтан өткізілді.

Осы маңызды шараның басы қасында болғандардың бірі - Рудный индустриалды институтының түлегі Денис Зель. Ол қосымша кәсіби дайындықтан өткен. Қазір осы металл балқыту учаскесінің жауапты маманы.

Зель Денис, «Kamlit.kz» ЖШС металл балқытушы:

- Қара металл, шойын және болат қорытатын учаскеде 4 пеш орнатылған. Пеш сынағы сәтті өтті. Алғашқысында 12 тонна, екіншісінде 16 тонна құйма алынды.

Балқытылған металдан түрлі автобөлшектер жасалады. Қазақстанда металл құйма өндірісі кенжелеп тұрғандығын ескерсек, зауыт өніміне жоғары сұраныс боларына ешкім күдік келтіре қоймас.

Айдар Өтешев, «Kamlit.kz» ЖШС ресми өкілі:

- Біз өндіріс көлемін 100 мың тонна құйма және 140 мың дана автокомпоненттерге дейін жылдам өсуден үміттіміз. Жұмыс орындары да екі есе артады. Бұған географиялық тұрғыда тиімді орналасуы, мемлекеттік индустрия саясаты және Президентіміздің Қазақстандағы инженерлік кадрларды дамытуға үлкен назар аударып отыруы ықпал етті.

Болашақ мамандарды жергілікті автокөлік колледжі дайындайды. «KAMLIT.KZ» компаниясының тапсырысына сәйкес мұнда машина жасау мамандығының бес түрі жаңадан ашылды. Оқу орнына шойын балқыту зауыты 90 миллион тенгеден астам инвестиция бөлді.

Дмитрий Павленко, Қостанай автокөлік колледжінің директоры:

- Камлиттің көмегімен оқу кабинеттерін жөндеп, металл құю зертханасын жабдықтаймыз. Онда сандық басқару бағдарламасымен екі станок орнатылады. 

Данияр Сұлтановтың мамандығы - технологиялық процесстерді автоматтандыру және басқару. Ол өз болашағын жаңадан салынып жатқан зауытпен байланыстырып отыр.

Данияр Сұлтанов, Қостанай автокөлік колледжінің 3-курс студенті:

- Менің ертеңгі күнге деген сенімім зор. Колледжден кейін мамандығыма сай жұмыс табатындығыма, табысым, әлеуметтік жағдайым жақсы болатындығына бек сенем. Мен өз кезегімде бәсекеге қабылетті, білікті маман болуға тырысамын. 

Автокөлік колледжінде 1300 студент тегін білім алып жатыр. Шойын балқытатын, автобөлшектер шығаратын зауыттар іске қосылғанда алғашқы кезде осыншама маман қажет болады екен. Ал болашақта өндірістің өсу есебінен одан екі есе көп адам қабылдауы мүмкін.

 

Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров