Хабар телеарнасы

26 маусым – халықаралық есірткіге қарсы күрес күні

Былтыр елімізде есірткі тұтынған 17 мыңнан астам адам динамикалық бақылауға алынған. Ал биыл олардың саны 18,5 мыңға жуықтады. Өкініштісі синтетикалық есірткіге тәуелділер саны күрт көбейген. Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселенің бірі осы есірткіге қарсы күресті күшейту еді. Мемлекет басшысы: «Оның жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз»,-деп атап өтті. Тілшілеріміз нашақорлықтың шырмауына ілініп, енді одан шығар жол іздеген адамдардың біразымен тілдесіп қайтты. 

Бізбен сұхбаттасуға келіскен адам бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. Оған қоса аты-жөнінің де беймәлім болғанын қалады. Жасы 42-де. Алғаш рет есірткіні 19 жасында қолданыпты. Бірден героиннен бастағандықтан, тез тәуелді болып, ажалдың тырнағына ілігеді. Бір-екі рет есірткіге жоламай, жылдап шыдап көрген. Бірақ құтыла алмайды. Мамандығы – заңгер. 4 баланың әкесі. Осы жолы перзенттері үшін қоюға бекініп келген.

Емделуші: 
-  Қазіргі кезде балаларым өсіп келе жатыр. Әкесі наркоман деп айтса, маған өте қатты әсер етеді. Сол үшін мен қазір қойғым келіп тұр. Қызым: «Мен түсінемін, бірақ басқа бір жолды тапшы», - дейді. Сол маған қатты әсер етті. Жастар егер бір рет қолданса, оны ары қарай қиын болады тастауға. Қазіргі синтетика наркотиктар олар өте қатты. Миға әсер етеді.

Науқастың сөзін нарколог дәрігерлер де құптайды. Расымен есірткінің синтетикалық түрі өте қауіпті. Мидың жұмысын баяулатып, галлюцинацияға әкеледі. Мәселен, 2018 жылы елімізде синтетикалық есірткі заттарын тұтынған 150-ге тарта тұрғын болса, қазір 700-ден асып кеткен. Мамандар: «нашақорлықпен күресу үшін ең алдымен оларға деген көзқарасты өзгерту керек», - дейді.

Нәби Есімов, психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директорының орынбасары: 
- Стигмамен күресу біз үшін өте маңызды. Қазіргі таңда нашақорлық десек, нашақор адамды көрсек, онда ой ол нашақор адам. Онымен сөйлесуге болмайды. Амандасуға болмайды. Жақындасуға болмайды дейді, иә. Біз сол стигманы жеңуіміз керек.

Нашақорлыққа тәуелді науқастар көбіне ең ауыр инфекциялық ауруларды жұқтырып алады. Көбісінің отбасы жоқ. Өздерінің айтуынша, күніне 10-15 мың теңге керек. Қарызға батады. Одан қала берді ұрлық жасауға дейін барады. Сөйтіп түрмеге түседі. Өкінішке қарай көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өткен жылы есірткі тұтынғандардың саны 17 мыңның төңірегінде болған. Ал биыл 6 айдың өзінде 18 мың 500-ге жуық адам динамикалық бақылауға алынған. Ең жасы 14-те. Тіркеуде жоқтарын қоссақ, бұл көрсеткіш одан да артып кетуі мүмкін. 2021 жылы 74 адам, ал былтыр 87 адам осы дерттен көз жұмыпты. Көбі есірткіні мөлшерден тыс қолданған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон