Астанада спортты дамыту дирекциясының басшысы қамауға алынды
Тергеу мәліметтеріне сәйкес мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңге. Шенеунік 2020-2023 жылдары аралығында шетел мен республика ішіндегі оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген шығындарды асыра көрсете отырып, қаржы жымқырған. Сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны да анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен лауазымда тұлғаларына қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі елордалық департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Мекеме басшысына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.