Алматыдағы көпір құрылысы қыркүйекте аяқталады
Алматыда жөндеуден өтіп жатқан Есентай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы мерзімінен бұрын аяқталады. Мердігер компания: «Нысанды 1 қыркүйекте пайдалануға береміз»,— дейді. Еске сала кетейік, қалпына келтіру жұмыстары өткен айдың басында басталған еді.
Есентай өзенінен өтетін көпірді тексеру барысында комиссия апатқа дейінгі нысан деп шешім қабылдаған. Көптеген ақауы бар екендігін сараптамалық зерттеу нәтижесі де көрсетті. Ал бұл жағдай оның жүк көтергіштігі мен қауіпсіздігіне кері әсер ете бастаған. Көпір 1980 жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмеген.
Родион Тен «Қапшағай көпір құрылысы компаниясы» ЖШС басшысы:
-Қазір көпірді кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жаяу жүргіншілер жолы да кеңейе түседі. Пандус пен веложолақ талапқа сай болады. 2 көлік жолағы қосылып, енді 8-ге жетеді. Негізінен мұндай көпірді жаңартуға 9 айдай уақыт керек. Ал біз 3 айда аяқтап қолданысқа береміз. Әрине, сапасын барынша қадағалаймыз.
Жөндеу жұмыстары барысында ригель күшейтіледі, аралық құрылыстың плиталары жаңартылады. 96 арқалық ауыстырылады. Асфальтбетон жабыны салынады.
Родион Тен «Қапшағай көпір құрылысы компаниясы» ЖШС басшысы:
-Алматы үлкен мегополис... Әрине, көпірді толығымен жауып тастап, оны дереу қалпына келтіруге кіріссек, бізге оңайырақ болар еді. Бірақ олай жасауға болмайды. Оның үстіне Әл-Фараби даңғылында қозғалыс көп екенін жақсы білесіздер. Автокөлік те, тұрғындар да көп жүреді. Сондықтан барлығын емес, әр жерінен шектеу қойылды.
Күзде оқу жылының басталысымен көлік ағыны ұлғаяды. Осыған орай, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс бригадалары екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Бұл құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік береді.
Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова