Хабар телеарнасы

Жетісу облысында мұздық көлдер әуеден бақыланды

Күннің күрт ысуына байланысты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері Жетісу облысындағы мұздық көлдерді әуеден бақылап қайтты. Шілде айының 15-нен басталып, қыркүйектің 15-іне дейін жалғасатын бұл шараның мақсаты — мореналық көлдердің толып кету және жарылу қаупін азайту. Облыс аумағында 400-ден астам мұздық көл бар. Ми-8 тікұшағымен атқарылатын аэро-визуалдық бақылау кезінде көлдердің суға толуы байқалса, жару жұмыстарын жүргізу арқылы ондағы су деңгейі төмейді. Бұл жолы Ақсу мен Сарқан өзенінің бассейніндегі мұздық көлдер әуеден бақыланды. «Барлық өзен бассейндерінің биік таулы аймағында су шығыны қалыпты шекте, кептелістер байқалмайды», — деді мамандар.

Мейрам Нұрымбетов, «Қазселденқорғау» ММ Жетісу Алатау аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы:
-Жару жұмыстарының мақсаты осы көлдердің деңгейін азайту. Ол жұмыстар төменгі жақта орналасқан ауыл, елді мекендерді суға батудан құтқарады. 15 қыркүйекке дейін осы жұмыстар жүргізіледі. Біздің облысымызда 416 мұздық көл бар. Бұл 416 көлдің бәрін біз бақылауда ұстаймыз. Аэровизуалдық жұмыстар жүргіземіз.