LRT қандай бағытта қатынайды?
Елордадағы LRT құрылысы қарқын алды. Жыл басынан бері жобаға 25 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Жұмыстың бірінші кезеңі сәтті аяқталса, 2025 жылға қарай жеңіл рельсті транспорт жүйесі іске қосылады. «Бұл кептелістерді азайтады»,— дейді мамандар. Жанданған жобаның қатынайтын бағыты да белгілі.
Жылдар бойы тұралап қалған LRT жобасының бойынан қайта қан жүгіргендей. Сәуірден бері құрылыс қарқыны күшейіп, осындай стансалар соғыла бастады. Бұған бюджеттен биылдың өзінде 52 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінді.
«Астана LRT» жобасында барлығы 18 станцияда 19 пойыз қатынайды. Пойыздарды қытайлық зауыт құрастырмақ. Жүйе толық автоматтандырылып, машиниссіз жүреді. Жылжымалы құрамның қуаты сағатына 115 килловатқа, ал сыйымдылығы 600 адамға жетеді деген жоспар бар.
Бақыт Қарсақбаев, CTS компаниясының басқарушы директоры:
-Біз 2024 жылдың аяғына дейін бірінші кезеңді бітіруіміз керек. Қаржының бәрі жақсы келіп тұрса, соның аяғына дейін бітіреміз. Ол уақытта 18 станцияның барлығы салынбайды. Екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 8 станция, қалған 10 станция екінші кезеңде сондай сияқты өзі бәрі 19 пойыз жүретін болса, қазір бірінші кезеңде 5 пойыз жүретін болады .
Бірінші кезең аяқталғанда, жерүсті метросының сынақтары басталады. Пойызға құм қаптар тиеп, тоқтау механизмі тексеріледі. Осылайша, LRT-нің алғашқы бұтағы қолданысқа 2025 жылы берілмек.
Бірінші аялдама әуежайдан бастау алады. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы болмақ. 22 шақырымға ұласқан желі алдымен Мәңгілік Ел , одан кейін Қабанбай батыр даңғылына өтеді. Осылайша, Сығанаққа бұрылып, Абу Даби Плазаға жетеді.
850-ден астам жан тер төгіп, жұмысқа білек сыбана кіріскен. Өкініштісі, білікті кадрлар елден табыла қойған жоқ. Сондықтан мердігер компания мен негізгі жұмыс күші шетелден тартылды.
Темірхан Меңдіғалиев, мердігер компанияның вице-президенті:
-Компаниямыз Қытайда ұзындығы 16 мың шақырымға жететін 300-ден аса теміржол магистралін салған. Үлкен тәжірибесі болғандықтан, негізгі жұмыс күші сол жақтан тартылды. Қазір құрылыс басында жүрген 700-ден аса маман Қытайдан келген. Жыл соңына дейін тағы 1000 маманды шақырамыз деген жоспар бар.
Ал 18-ші, әрі соңғы аялдама «Нұрлы Жол» теміржол вокзалында шоғырланады. Егер сәтін салып, қаражат кедергісіз түссе, алдағы 2-3 жылда сұр бағаналардың үстінен алғашқы жолаушылар қатынауы тиіс.
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Аян Сәрсенбаев, Дархан Заманбеков