Түркістан облысында су тазарту станциясы іске қосылды
Түркістан облысы, Сайрам ауданында кәріз суын қайта өңдейтін станция іске қосылды. Орталықтағы 4 бассейн тәулігіне 3 мың текше метр суды қайта өңдеуге қауқарлы. Негізі нысанның құрылысы 6 жыл бұрын басталған. Алайда түрлі себептермен уақытында пайдалануға берілмеді.
Станцияның құрылысы 6 жыл бұрын аяқталды. Алайда мердігердің кей жұмыстары бекітілген талаптарға сай болмағандықтан, нысан қабылданбапты. Жобаның негізгі мақсаты - Ақсу ауылындағы көпқабатты үйлер мен кәсіпкерлік нысандардан шығатын шайынды суды сүзгіден өткізіп, егістікке таза ағын су жеткізіп беру.
Сапаралы Қарсыбаев, мердігер мекеменің директоры:
- 1 айдан бері тоқтаусыз қосып отырмыз. ЖКХ-ға өткізуге мүмкіндік туды. Ал енді Ақсу елді мекенінен келіп жатқан тұрмыстық суларды қабылдап, бактерияларды өлтіріп, одан шыққан суды фильтрацияға жібереміз. Одан ары қарай егістік алқапқа кететін техникалық су шығады. Барлық аппараттар 24 сағат тоқмамай жұмыс істеп тұр.
Арман Сәбитов, Сайрам ауданының әкімі:
- Енді біз ай сайын сынамасын алып, бақылап отармыз. Менің жеке бақылауымда болатын нысан болады. Мердігер тарапынан 5 жылдық гарантиясы бар.
Қарабұлақ елді мекенінде 55 мыңнан аса халық тұрады. Ауыл тұрғындарының дені бақша дақылдарын егіп, диқаншылықпен айналысады.
Маратжан Сайдахметов, диқан:
- 3 га астам жеріміз бар. Сол жерге картоп егеміз, пияз егеміз. Біздің Қарабұлақ ауылы диқаншылық шаруашылықпен айналысады. Бізде су болса, елдің бәрі 3 рет егеді. Шығарған өнімді облысымызға, басқа жерлерге де жеткізіп беруге болады.
Қарабұлақ ауылында 30 мың га астам суармалы жер бар. Бірақ ағын су тапшы. Енді диқандардың барлығы егістікке осы станциядан тазартылып шыққан суды пайдаланатын болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов