Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Президент тапсырмасына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Бұрын мұндай құқықбұзушылықтарға жәбірленушінің арызынан кейін іс қозғалатын болса, енді жәбірленушінің арыз-шағымынсыз тіркеуге алынып, іс қозғала береді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарды. Министрлікке қарасты мекемелер осы ережені қабылдады. Бұл туралы Түркістанда өткен балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Сонымен қатар министр «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өтетінін жеткізді.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Алайда өзіміз жиын құрып отырған Түркістандағы, Абай облысындағы, Қарағандыдағы келеңсіз жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылды «балалар жылы» деп жариялап, халыққа жолдауы мен ұлттық құрылтайдағы сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Біз сол бағыт-бағдардың аясында жұмыс істеуіміз қажет.