Ақмола облысының диқандары егін орағына кірісті
«Биыл аймақта 5 млн 300 мың гектар жерге дән себілген. Оның басым бөлігі бидай алқаптары. Орақ науқанына 9 мыңға жуық техника жұмылдырылады. Жанар-жағармай да жеткілікті», — дейді жауаптылар. Жергілікті шаруаларға биыл Үкіметтен арзандатылған бағада 90 мың тонна дизель отыны бөлінді. Аймақтағы құрғақшылық салдарынан егін шығымдылығы былтырғыдан төмен болмақ. Мысалға, өткен жылы астықтың орташа өнімділігі 12 центнер болса, биыл 8-9 центнерден болады деп жоспарланған. Айта кетейік, өткен жылы өңір шаруалары 5 млн 400 мың тонна өнім жинады.
Еркеш Әленов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Биылғы жылы егіннің шығымдылығы 2 млн 200 мың гектары жақсы тұрған егін. Ал 2 жарым миллион гектары орташа. Ол 50% құрап тұр. Нашар егін дегеніміз 250 гектар, 4% құрап тұр. Егінді орып алып, оны сақтап, тазалау үшін 71 мамандандырылған элеваторымыз бар. Олар да қазіргі кезде сақадай-сай. 4 млн 700 тонна қабылдай алады.