Астананың жарықсыз қалуы – жазатайым жағдай
Астананың жарықсыз қалуы – жүйелі проблема емес, жазатайым жағдай. БАҚ өкілдеріне арнап өткізілген брифингте қала әкімінің бірінші орынбасары осылай деп мәлімдеді.
Еске сала кетсем, 29 күні кешкі 22:00 қарай бас қалада 100 мыңнан аса абонент жарықсыз қалған болатын. Нұрлан Нұркенов мәлімдегендей, оған екінші жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу себеп болды. Салдарынан электр қуатын беруді уақытша тоқтатуға тура келген. Әкімнің орынбасары атап өткендей 1,5 сағатқа созылған жайсыздықтан ешкім жапа шеккен жоқ.
Нұрлан Нұркенов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
- Бағдаршамдардың істемеуі салдарынан қанша жол көлік оқиғалары тіркелгендігі туралы біз қосымша ақпарат береміз. Әзірге бұл мәселе сараланып жатыр. Бақытқа орай ауруханалар мен перзентханаларда жарықтың, қуат көзінің болмауы салдарынан адамдардың жапа шегуі немесе қазаға ұшырауы сияқты жайттар тіркелген жоқ. Құдайға шүкір, пациенттердің барлығы тиісті ем-дом шараларын қажетіне қарай ала алды. Барлық әлеуметтік мекемелерде қосымша дизельді генераторлар бар. Көшедегі жағдайға келсек, тәртіпсіздіктер, тонау мен морадерлік фактілер тіркелген жоқ.