Алматы халқының саны қанша?
Алматы қаласында Қазақстан халқының 11% тұрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының өкілдері хабарлады. Алатау бөктеріндегі әсем қала өзінің алып шаһар атағын сақтап қалды. 2023 жылдың 1-қазанындағы есеп бойынша Алматы тұрғындарының саны 2 млн 211 мың адамнан асты. Ал 3 млн-дық белеске қашан жетеді? Толығырақ тілші материалында.
Кішкентай Аяла Жамбыл – Алматының екі миллионыншы тұрғыны. 2021 жылдың 21 маусымында дүние есігін ашқан ол бірден журналистердің назарына ілікті. Аяла отбасындағы алтыншы бала. Әкесі Бейбіт Әбілдаев полицияда істейді. Анасы Әлия Жәнібекова – психолог. «Қуанышты жаңалықты алғаш естігенде абдырап қалдық»,-дейді олар.
Әлия Жәнібекова, Аяланың анасы:
- Қайда жұмыс істейсіз? Қанша бала? Сол туралы жазып алып кетті. Содан кейін бір аптадан кейін қала әкімі болды ғой Бақытжан Сағынтаев, сол кісі келеді деді. Сол келіп, «екі миллионыншы тұрғын қызыңыз тіркелді» деп сөйтіп ақпарат келді. Өзі келіп, құттықтап, сөйтіп келді. Сол кезде білдік. Оған дейін ештеңе білмедік.
Алматы миллион тұрғыны бар қалалардың қатарына сонау 1981 жылдың желтоқсанында қосылды. Ал 2 млн межені бағындыру үшін 40 жылдай уақыт кетті. Өсімнің баяу жүруі 80 жылдардағы «қайта құрудың» салдары мен 90 жылдардың басындағы «тоқыраумен» байланысты. Тек 2000 жылдардан бастап шаһар халқы қарқынды өсе бастайды.
Гүлнара Сабырова, Ұлттық статистика бюросы Алматы департаментінің басқарма жетекшісі:
- Қала халқының көбеуюі табиғи және миграциялық өсіммен байланысты. Мысалы, 1991 жылы 7 мың 163 бала туылды. Ал қазіргі таңда 18 мыңға жуық нәресте өмірге келді. 91-жылы миграциялық сальдо 3213 адам болды. Биыл өзге өңірлерден Алматыға 31 мыңнан астам адам көшіп келді. Осылайша миграциялық сальдо шамамен 10 есеге ұлғайды. Тұрғындардың саны негізінен көшіп келушілердің есебінен артып отыр.
Соңғы халық санағынан Алматыдағы қазақтардың үлесінің өскенінде байқауға болады.
Гүлнара Сабырова, Ұлттық статистика бюросы Алматы департаментінің басқарма жетекшісі:
- Бүгінгі күні Алматыда 1 млн 364 мыңға жуық қазақ өмір сүреді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, 1989 жылғы халық санағы кезінде қазақтардың саны 255 133 адам болған еді.
Егер бала туу көрсеткіші мен миграциялық оң сальдо сақталатын болса, Алматы қаласының халқы шамамен 20 жылда 3 млн жетуі мүмкін.
Әлия Жәнібекова, Аяланың анасы:
- Мен өзім негізі көпбалалы отбасынан шыққанмын. Менің анам 9 құрсақты болған. Мен алтыншысы. Аяла да алтыншы қыз. Көпбалалы болған өте жақсы. Өйткені бауырмашыл, бір-бірін іздеп, бір-біріне көмектесіп сондай.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы халық санағын 3 рет өткізді. Соңғысы 2021 жылы болды. Халық санағы елдің демографиялық жағдайынан хабар беріп, болашаққа экономикалық жоспар құруға септігін тигізеді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Аршын Кемелжан