Сенатор: Бизнеске бөлінген гранттар дұрыс тексерілмейді
Елімізде бизнеске бөлінген гранттардың мақсатты пайдалануына дұрыс мониторинг жасалмайды. Бұл мәселені Сенаттағы Үкімет отырысында депутат Ләззат Рысбекова көтерді.
Мәселен, Алматы қаласында былтыр мақұлданған 264 жобаның тек 27 ғана тексерілген. Ал қалғандарының қаржына қандай мақсатта жұмсағаны белгісіз. Қайтарымсыз қаражат болса, 5 млн теңгеге дейін беріледі. Сенатор оның үлестірілуіне де күмәнмен қарайды. Себебі мемлекеттік қолдау көріп отырған бизнес-идеялардың арасында ешқандай жаңашылдығы жоқ әдеттегі жобалар көп. «Дәл сол секілді кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының да тиімділігі күмән тудырады», - дейді депутат.
Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы дәлел. Мәселен, Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес аталған жобаны іске асыруға 2015-2019 жылдар аралығында 270 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда осы уақыт ішінде 19 мың 600 бизнес нысаны ғана қаржылай қолдау көрген. Бұл жыл сайын әрбір мың кәсіпкердің тек үшеуі ғана несие алды деген сөз. Себебі талаптары қатаң. Әсіресе ауылдық жерлерлердегі бизнес өкілдеріне кепілдікке жарайтын мүлік табу деген қиынның қиыны. Міне, осының барлығы бағдарламаның тиімсіздігін көрсетеді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Мысалы, 14 жылдың ішінде 2010 жылдан бастап жалпы республикалық бюджеттен қарапайым заттар экономикасына және «ДКБ»-ға негізінде 1,1 трлн теңге жұмсалды. Әрине, оған қатаң мониторинг жасалады. Жалпы осы 1,1 трлн теңгеден 1% төмен мақсатсыз пайдаланды. Ол қайтарылды.
«Ал Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Жолдауында айтылғандай шағын және орта бизнес ұлттық экономиканы дамытудың драйверіне айналуы тиіс», - дейді. Ол үшін саланы мейлінше дамыту қажет. Атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін тиісті деңгейде талдап, бизнесті қолдау шараларын қайта қарау маңызды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Біздің мақсат – шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне, яғни 40-50% дейін жеткізу. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта бизнестің өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Әзірге өңдеу секторындағы кәсіпорындар саны тиісті деңгейде өсіп отырған жоқ. Тиімді жұмыс істеп тұрған нысандардың ұлғаюын ынталандыру керек.