Төл теңгеге 30 жыл толды
Теңгеге – 30 жыл. Төл валютамыз 1993 жылы 15 қараша айналымға енген еді. Осылайша өзгенің емес, өзіміздің валютаны ұстап, төбеміз көкке бір жеткен. Теңгенің бүгінгі келбеті қандай? Төл валютамыздың нендей ерекшеліктері бар?
Астаналық Наурызбай Қаршығановтан кез келген тиын тарихын сұраса, мүдірмей жауап береді. Себебі 8 жылдан бері тиындар мен қағаз ақшаларды тірнектеп жинап жүр. «Бұл іске табыс көзі ретінде емес, жүрек қалауы ретінде қараймын», - дейді ол. Бүгінде коллекционердің қорында 300 астам монета мен түрлі банкноталар бар. «Кішігірім мұражайында» теңгенің рөлі айрықша.
Наурызбай Қаршығанов, коллекционер:
- Біздің теңгенің өзіндік ерекше стилі бар. Көргенде, бірден біздің валюта екенін түсінесіз. Өте әдемі. Оның сыры – тантал элементтері бар монеталарды біздің Қазақстандағы теңге сарайы ғана өндіреді. Арнайы патенті бар. Бір қызығы, тантал дегеніміз – аэроғарыш саласында қолданылатын металл. Онымен әлемдегі басқа тиын сарайлары жұмыс істей алмайды.
Топтамасында 500 данамен шыққан ерекше тиындар да кездеседі. Сыр-сипаты, сіз бен біз көріп үйренгеннен бөлек. Төртбұрыш, сегізбұрыш та бар. Бірақ барлығы бірдей құнды. Себебі көненің көзі, тарихтың өзі дерсің.
Тарих демекші... Сонау 1993 жылы еліміз тәуелсіз болғанмен, қолда бары көршінің құнсызданған топан ақшасы еді. «Бұл тарихи сәттің басы-қасында болған тұлғалар, валюта – жай қағаз емес, егемендік белгісі болды»,- дейді. Бастапқыда банкнотаны шығаратын жер де, дайындайтын мамандар да болмаған. Алайда ешбір қиыншылық бұған кедергі болған жоқ.
Ғалым Байназаров, ҚР Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы:
- Біз 20 шақты банкнотный фабрикалармен кездестік. Сол кезде Лондонның банкнотный фабрика шағын ғана соны таңдап алдық. Себебі теңге жобасы құпия болғандықтан үлкен фабрикаға тапсырыс бере алмадық. Біздің банкноттың сапасы, ол үлкен банкнотты шығаратын фабрикалардың өнімдерінен әлдеқайда жоғары болды. Сөйтіп біздің теңге сапасы бойынша 94 жылы Ұлыбритания төрайымының алтын медальына ие болды.
Алғашқы банкнот фабрикамыз 1995 жылы ашылды. Оған әлемдік технологияны меңгерген.
Жас мамандар жұмысқа тартылды. Осылайша сапа артты. Сапасы ғана емес, теңге дизайны да көпті тамсандырған еді.
Қайролла Ғабжәлелов, теңгенің авторы, суретші:
- Англияда оқытты. Қағаздың составы қандай болады, краскасының составы қандай болады. Ең сапалы валюта біздікі болды. Және әлемдік деңгейде ең сапалы шықты. Себебі сапалылықтың әр жағында біздер шын ықыласымызбен кірістік. Банкнотты ұстап тұрып, жыламаған адам қалмады. Сондай рухани көтерді мемлекеттік, рухани сенім берді.
2011-2013 жылдары Халықаралық банкнота қоғамдастығы 3 жыл қатарынан теңгені әлемдегі ең үздік ақша деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы ұйым тарихында алғаш рет болған.
Дана әлиева, тілші
- Онысы бекер емес. Себебі әдемі дизайнынан бөлек, теңге – әлемдегі жақсы қорғалған валюталардың бірі. Оған бір ғана мысал, мына қолымдағы 20 мың теңгелік номиналда 25 қорғаныш элементі бар. Жалпы ел банкноталары әлемдегі қорғалған әрі әдемі банкноталардың бірі ретінде 10 астам марапат алған.
Авторлары: Дана Әлиева, Дархан Кунтуов