Қонаев тұрғындары ауызсудың азабын тартып отыр
Сусыз қалған Қарлығаш. Қонаев қаласына қарасты Қарлығаш шағын ауданының тұрғындары «3 жыл бойы сусыз отырмыз»,- деп арнамызға хабарласып, арыз-шағымын айтты. Бұған қоса кәріз жүйесін тарту жұмыстары аяқсыз қалған. Қала шетінде орналасқан ауданға инфрақұрылым неге жетпей жатыр?
Айнұр Несіпбаева бала бағып, енесіне қарап отырған үй шаруасындығы әйел. Күнделікті тұрмыс қажеттілігіне су керек болғандықтан, тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.
Айнұр Несіпбаева, қала тұрғыны:
- Міне, мынау соңғы суымыз. Күйеуім өстіп тасиды. Бутылкамен тасиды. Күйеуім жұмыстан келгенше осылай күтіп отырамыз, қашан келеді екен деп. Міне, соңғы су бітті. Су әне келеді, міне келеді деді. Әлі келген жоқ.
Шолпан Рүстемова, қала тұрғыны:
- Судың жағдайы: «30 қосамыз»,- деді. Оны қоспады. Әнеу күні депутаттар сайлауы болатын кезде қосамыз деді, ол қосылмады. Сосын біздің балаларға аялдама керек. Свет керек жарық, Мысалы, асфальтті дұрыстап берсін.
Сонымен қатар Қарлығаш шағын ауданына кәріз жүйесін тарту жұмыстары аяқсыз қалды. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме қазылған шұңқырларды көмбей, тастап кеткен. Сондықтан бұл маңанан көлік тұрмақ, адам жүре алмайды. «Мәселені қала әкіміне ылғи айтамыз. Бірақ жасалады деген бос уәдеден басқа нақты әрекет жоқ», - дейді ашулы жұрт.
Абдолла Тұрғанбаев, қала тұрғыны:
- Ренжитін нәрсеміз – суды тартқанда да «Водоканалдың» өзіне беру керек та. Кейін мысалы, өздері жауапкершілікке алады. Ол әркімге тендермен береді. Сырттың адамына береді. Ертең қалай болса солай жасайды да кетеді, біз шырылдап, халық жүреді. Осы мәсеслені қолға алу керек қой.
Жалпы Қонаев қаласындағы «Гүлдер» және «Қарлығаш» шағын аудандарын сумен қамтып, кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 430 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда бұл аудандарға орталықтандырылған құбыр толық тартылғанымен, су әзірге берілген жоқ. Ол үшін «Шах» мердігер ұйымы кәріз жүйесін аяқтауы керек. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтап тұр.
Асхат Жексембеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда мердігер ұйымның есепшоттары арестте тұр екен. Бағана өкілдерімен сөйлестім, осы аптада шешіп, келесі аптада жұмыстарды бастаймыз деп хабарлады. Біз бұған дейін ол мердігер ұйымға екі рет талап арызбен сотқа жүгінген болатынбыз. Жұмыстарды бастау керектігі айтылған.
Келісімшарт бойынша мердігер мекеме жыл соңына дейін кәріз құбырын тарту жұмыстарын аяқтауы керек. «Егер іс бітпесе, сотқа қайта арызданамыз»,- дейді әкімдік қызметкерлері.
Авторлары: А.Садуақас, А.Дүйсембаев