Қарағанды облысының әкімі халықпен жаңа форматта кездесті
Қарағанды облысының тұрғындарын сапалы медициналық қызмет, білім беру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелер алаңдатады. Өңір әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа халықпен кездесуі кезінде осыған қатысты біраз сауал қойылды. Биыл облыста халықпен кездесудің жаңа форматы енгізілген. Жыл басынан бері 8 мыңнан астам тұрғын өзін толғандырған мәселені басшыларға тікелей жеткізген.
«Қарағанды қаласындағы жеке сектор тұрғындары көшемізді жарықтандырып берсе», - дейді. Себебі кешқұрым мектептен қайтатын балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Берден Башаров облыс әкімінің халықпен кездесуіне осы мәселені айта келген.
Берден Башаров, қала тұрғыны:
- Негізгі проблема мен осы көшеде тұрғалы 15 жыл болды. Мусор, свет, түнгі освищение талдары кесілмеген. Светті 3 жыл бұрын бастаған, бірақ мердігерлер толық аяқтамай тастап кетті. Оны қалай қабылдап алғаны белгісіз шаруа. Қазір мұнда 15 адам қол қойған. 30 адам обращенгие жасағанбыз.
Облыста халықты бірыңғай қабылдау үрдіске айналды. Мұнда модератор келген адамдардың сауалына сай электронды кезекке қойып, тиісті басқарма басшысына немесе облыс әкіміне жолдайды. Нәтижесінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Тұрғындардың көбі өзін толғандырған сауалға жауап алып үлгереді.
Айнұр Досжанова, қала тұрғыны:
- Былтыр жаңа брусчатка салған, биыл жаз бойы ол жерді қазды, қазды, брусчатканың бәрін бұзып тастады. Өте жақсы, халыққа ыңғайлы, әркім өзі шеше алмай жүрген сұрағын басшының алдына келіп айтады. Шешіліп жатса, оданда керемет.
Бұл облыс орталығындағы екінші кездесу. Облыс әкімі келер жылдан бастап әр шағын аудан тұрғындарымен де жеке кездесуді жоспарлап отыр. Себебі осыған дейін аудан-қалаларды айтпағанда, ірі кент тұрғындарымен кездескен ол халық тарапынан көтерілетін мәселелердің жалпыға ортақ екенін айтады.
Ермағамбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Бірінші ЖКХ, үй мәселесі, жұмыс бар, өзінің жеке мәселелері бар, білім саласында тағы басқа мәселелер бар. Бабымен шешілгендері де бар. Кейбір шешімдерге уақыт керек, қаражат керек. Осындай форматты біз әдейі алдық. Халыққа тез арада өзім жалғыз емес, басқарма басшылары, полиция бар, басқа да структуралар отыр. Олар да кісілерді қабылдайды. Енді осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз.
Ал облыс көлемінде жыл басынан бері жаңа форматтағы халықпен кездесу 25 рет өттті. Оған 8 мыңнан адам қатысты. Облыс әкімінің жеке өзіне 500-ге жуық сауал түскен. «Көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды», - дейді өңір басшысы.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар