Туризмді түлетуге қандай мүмкіндіктеріміз бар?
Елімізге жаһаннан келген турист саны 6 айда 500 мыңнан асты десек, 84 мыңнан астамы Қытайдан келіпті.
Жуырда екі ел арасында визасыз режим іске қосылғаны белгілі. Бұл туризм әлеуетін одан әрі арттыруға ықпал етеді. Оған қоса Қытайда келер жыл – Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланған. Ендеше туризм саласында нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Саланы түлетуге қандай мүмкіндіктеріміз бар?
Иә, расымен бұл еліміз үшін керемет мүмкіндік. Жаһандағы туризмі дамыған қай елді алсақ та, Қытайдан келген туристерге қолайлы жағдай жасауға тырысады. Себебі олар топпен саяхаттағанды жөн көреді. Әрі демалысқа жұмсайтын қаржысы да едәуір көп. Ал бұған біз дайынбыз ба?
Дана Әлиева, шолушы:
- Пандемия кезінде тұралап қалған сала ептеп жанданып келеді. Туризмнен түсер қаржы да ұлғайған. Оған бір ғана мысал. 2021 жылы Қытайдан 42 мың турист келіпті. Олар елде шамамен 9 млн АҚШ долларын қалдырған. Ал былтыр еліміз қытайлық туристерден 16 млн АҚШ доллар пайда көрді. Демек, әр турист елімізде орта есеппен 1 мың доллар жұмсайды. Туристер ағыны артқан сайын, табыс та еселене түседі. Ал инфрақұрылымымыз бұған дайын ба? Мәселе осында. Шетелдіктер түгіл отандастарымызға ұнамайды. Бір саяхаттаса, екінші рет баруға батпайды. Себебі туризмге бағытталған қаржы инфрақұрылымға емес, маркетингке құйылады екен. Бұл туралы мамандар айтып отыр.
Алмас Маратұлы, сарапшы:
- Мынау Солтүстік Қазақстанның туризмі болсын, Шығыс Қазақстанның туризмі болсын, бірінші маркетингке көңіл аударады. Визит-центрлер ашады. Мысалы, визит-центрлер көп бізде. Бүкіл аймақта визит-центрлер. Олардың мақсаты – маркетинг. Ал қалай сен маркетинг жасайсың, егер сенің сол туристік аймағына баратын жолың болмаса? Ол жерде қарапайым қоқыс жәшіктері болмаса? Қарапайым ең қажетті адамның, туристің қажетті биотуалеті болмаса?
Мәселені түземей, әлемдегі бірегей шатқалдарымыз, биік тауларымыз, өзен-көлдеріміз бар деп мақтанғанымыз бекер. Әрине, табысты визит-орталықтар бар. Бірақ барлығы жеке қолда. Бизнес бұған жауапты қарайды. Себебі негізгі табысы, қолындағы наны осы. Ал біз туризмді алға тартар қаржы екенін түсінбейміз, қолдағыны қастерлейміз дейміз де, әп сәтте жоғалтып жатамыз.
Көбейтұз жайы. Көпшілік емге жақсы деп, көлден шықпай, тұзы мен балшығын сатқан еді. Павлодар облысында шоғырланған қызғылт көл де жуырда Көбейтұздың күйін кешті. Толасыз келушілер мен қадағалау жоқтығынан, тұмса табиғатқа қиянат жасалып жатыр. «Енді қонақүй құрылысына рұқсат берілмеген Бозжыра да, кешен салынбаған Көкжайлау да жабайы туризм құрбанына айналды»,- дейді мамандар.
Алмас Маратұлы, сарапшы:
- Біз керсінше ол жерді бақылауға алған кезде біз сол жерді реттеуге мүмкіндігіміз болатын еді. Ал біз қазір сол күйі қалдырғаннан кейін ол жерге адамдар өздері барып, қалаға жап-жақын жерде және мүлде қараусыз қалды. Әр сенбі, жексенбіден кейін сол жердегі орман шаруашылығындағы қызметкерлер, инспекторлар жинайды ана жерді.
Сондықтан мамандар пікірі – туристік әлеуетімізді дұрыс пайдалану керек. Ал бұл үшін жеке инвестицияларды арттыру қажет дегенге саяды. Жауапты министрлік те бұған барынша атсалысуда.
«Биыл 288 млрд теңгеге 115 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 14 мыңнан астам төсек-орын мен 1,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылады»,- дейді.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- 2022 жылы туризм саласына 500 млрд теңге инвестиция түсті. 2019 жылдан бастап 450 жоба бар инвестициялық. Оның жалпы көлемі – 438 млрд теңге. Елімізге шетелден келген туристер саны 1 млнға жуық болған. Ішкі туристерді алсақ, 8,6 млн болды.
Иә, көрсеткіштер жаман емес. Бірақ қанша күш жұмсалса да, туризмге келгенде көршілерге ілесе алмай келеміз. Бұған негізгі кедергілерді тізетін болсақ, көш басында тасымалдау құны тұрады. Өзге елден ұшуды айтпағанда, елдегі ішкі рейстер де қымбат. «Егер бағаны тұрақтасақ, нәтиже көп күттірмейді»,- дейді сарапшылар.
Мақсат Сералы, экономист:
- Мемлекет тарапынан субсидиялау – бұл бірінші мәселе. Ойыншылардың санын көбейтуіміз керек. Бізге бәсекелестік керек бұл нарыққа. Бәсекелестер көп болған кезекте бізде ойыншылар көп болады.
Тұтынушыларға ыңғайлы жағдайдың жасалуы қарастырылады. Ол үшін біз шетелдік компаниялар бар, қазақстандық компаниялар бар, солардың осы нарыққа кіруін жеделдетуіміз керек.
Жалпы Қазақстанда туристік әлеует зор. Тек сол әлеуетті дұрыс пайдалану қажет. Ал болашағына жауапты уақыт емес, өзіміз.