Жаңа заманның мектеп директоры қандай болу керек?
Бүгін Астанада өткен халықаралық форумда қатысушылар осы сұраққа жауап іздеді. Жиынға бас-аяғы 1 мыңға жуық білім ошағының басшылары қатысты. Сарапшылардың сөзінше, қазір мектеп директорлары бұрынғы басқарушылық моделінен заманауи көшбасшылық бағытына көшу қажет. Өзінің ғана емес, мұғалімдердің де шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жағдай жасауы тиіс. Бірақ оған кейде мектептің шаруашылық жұмыстары мен қаржылық және құқықтық мәселелері мұрша бермейді. Содан да болар қазір елдегі 500-ге тарта білім ошағында директордың орны бос тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін жауаптылар кадрлық резерв жасақталып жатқанын айтады. «1000 көшбасшы» деп аталатын жоба бойынша биылдың өзінде 200-ден астам үміткер іріктелген.
Толқын Айдосова, педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары:
-Әрине, қаржылық, заңға қатысты әр түрлі сұрақтар кезінде мектеп басшыларының қиналыс табатынын көреміз. Соны ескере отырып, осы бағдарламаларда болашақ көшбасшыларды дайындауда біз осы сұрақтарды қалай шешуге болады, мектеп басшысы қаржылық жағынан нені білу керек, бухгалтерлік іс қағаздар келгенде неге назар аудару керек, соны арнайы мамандар келіп, олармен бірге жұмыс жасады.