Хабар телеарнасы

Павлодарда аула сыпырушының туған күніне орай әріптестері тосын сый жасады

Павлодарлық аула сыпырушыны әріптестері туған күнімен құттықтап, тосын сый жасады.

Төлеген Мушкин қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аумағын тазалайды. Басқарма қызметкерлері оны еңбекқорлығы үшін сыйлайды, «аға», деп құрметтейді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, Төлеген аға зейнетақысы аз болса да 8 наурызда мекеменің барлық қызметкерлеріне шоколад сыйлауды дәстүрге айналдырған. Оның жалғыз тұратынын білген әріптестері бірнеше рет көмектеспек болған екен. Алайда бас тартыпты. Сондықтан әріптестері оның туған күнін асыға күтіп, тосын сый жасаған. 


Гүлжан Әбдуғалиева, облыстық ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы: 
- Төлеген аға таңғы жетіде әдеттегідей жұмысына келді. Біз де сол уақытта жиналып, құттықтадық. Ол біздің ұжымға 3 жыл бұрын қосылды. Осы күнге дейін жұмысқа бір де бір рет кешіккен емес. Ауламыз жыл он екі ай тап-таза. Оның еңбегін бағалап, аға деп құрметтейміз.