Қызанақ бағасы неге қымбат?
Базарға барсаңыз, келісі 1000 теңгеден төмен бағада қызанақ табу қиын. Ал жылыжай өндірісіндегі кәсіпкерлер: "Шығын шаш етектен", - деп отыр. Бірі банкроттық жарияласа, енді бірі жылыжайын темір терсекке өткізіп жатқанын депутаттар мінберден көтерген-ді.
Шаруаларды қинаған нендей мәселе?
Дана Әлиева, шолушы:
- Расымен жуырда қызанақ бағасы етпен пара-пар болса да таңғалуды қоятын секілдіміз. Бұған не себеп болды? Баға нарқын пайымдап, көкөніс өсірушілердің базынасын тыңдап көрдік. Рет-ретімен баяндайын.
Жыл басында сынап бағанасы минус 30 жетіп, аяқ асты сарышұнақ аяз қысқанда шаруалар өнім үсіп кетті. Көмір жоқ деп күйінген. Осылайша тонналап үскен қызанақты қоқысқа тастауға мәжбүр болған.
Маусымдық еңбек зая кетті. Енді қазіргі күн райын байқап отырсыздар. Оңтүстік аймақтарда да аяз, жел де күшейді. Мәселе қайталанбас үшін қосымша отын бөлінді. Алайда шаруалар аймақтағы қуат көзі тарифі Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда сол күйінде қалды. Қымбат деп күйінеді.
Фахриддин Райымжанов, диқан:
- Қияр мен помидорды былтыр өткізе алмай қалған кезіміз де болған. Көрші елдерден арзан бағамен келеді. Бізде былтыр көмірдің шығыны көбейіп кетті. Өзін-өзі ақтамағаннан кейін істемей қойғандар болды. Қызанақ қазір жоқ. Жақында 500 теңгеден саттық екі апта болды. Оны суыққа ұстап тұрудың шығыны көп.
Көрші елдермен салыстырып көрсек, электр энергиясының 1 кВт сағаты біздің валютамен есептегенде, Түрікменстанда 7,8 теңге, Өзбекстанда 18 теңге. Біздегі Шымкент пен Түркістанда орта есеппен 37 теңге. Ал газдың 1 мың текше метрі Түрікменстанда 2,5 мың теңге. Өзбекстанда жылыжайлар үшін бекітілген төлем - 11 мың, бізде 37 мың теңге.
Демек, жылыжай өндірісіндегі шығындардың жартысы энергияға кетеді. Осыны ескере келе, Үкімет субсидиялау тәртібін өзгертті. «Қуат көзіне кететін шығындардың 20% жабуға көмек болады», - деді. Оны шаруалар қалай және қашан ала алады? Жауапты сала өкілдеріне сұрау салған едік.
Дамир Аспан, ҚР АШМ ресми өкілі:
- Теплицаң бар, бұл саған беріледі деген сөз емес. Қолдау үшін өндірістік технологияларына сәйкес сертификатын шаруалар алуы тиіс. Қазіргі уақытта бірінші желтоқсандағы жағдай бойынша 756 өтінім түсіп, оның қателеспесем, тура 726 мақұлданған. Иә, сертификат алған. Және жұмыста тағы 30 өтінім берген теплицаның өтінімдері қарастырылу үстінде. Егер де олардың барлығы сертификатын алғаннан кейін өздерінің мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа көмекке өтінімдерін бере алады.
Өтініштер тек 20 желтоқсанға дейін қабылданады. Алайда бұл көп фермердің мәселесін шеше қоймасы анық. Себебі тариф қымбаттығы Қазақстандағы жылыжай бизнесін дамытуға кедергі келтіретін көптеген тармақтың бірі ғана. Импортқа тәуелділік тағы бар. Шаруалар қолданатын тұқым, материал, тыңайтқыш, бәрі шетелден алынады. Ал бұл өнімдер биыл 50% қымбаттаған. Оған қоса өнімділік те бұрынғыдай емес. «Сондықтан былтыр қызанақ еккендер биыл лимон, салат өсіріп әлек»,- дейді сарапшы.
Бахтияр Асылбек, сарапшы:
- Қазіргі таңда қызанақ саласында бұрында болмаған аурулар пайда болды. Вирустар пайда болды. Соның кесірінен де көп шаруашылық қызанақтан бас тартып, басқа көкөніс түрлеріне өтуде. Оған қарсы тек қана жаңа ойлап табылған гибридтерді сатып алу керек. Жаңа гибридтерді егу керек. Ал ол гибридтердің бағасы күннен-күнге қымбаттауда.
Әрине, бұл отандық қызанақ бағасын өсірмей қоймайды. Факторлар әсер етті ме, маусымдық өсім бе, әйтеуір құны биыл 39% қымбаттаған. Ал бағаны ұстап тұруға Сауда және интеграция министрлігі араласа ала ма? Ондағы мамандар: «Жылыжай өнімдері әлеуметтік маңызды азық-түлік тізіміне кірмейді, сондықтан бағаны нарық белгілейді», - дейді.
Сарапшылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударылу керегін айтады. Біздің елде көрші мемлекеттен жеткізілген импорттық өнім қымбатырақ. Бұл логистикалық шығындардың әсерінен. «Алайда сапаға келгенде жарысуға қауқарымыз сол күйі жеткіліксіз»,- дейді сарапшы.
Бахтияр Асылбек, сарапшы:
- Түрікменстаннан келетін тауардың сапасы да, мөлшері де тұрақты болғаннан кейін адамдардың сенімі артады ол тауарға. Сенімі артқан үшін сұраныс та көбейеді. Сұраныс көбейгеннен кейін баға да қымбаттайды. Біздің бірінші мәселе – жылыжайлардың сапасы. Біз айтамыз 1200 гектар жылыжайымыз бар дейміз. Бірақ оның 900 жуығы - заман талабына сай емес жылыжайлар.
Соңғы 1 жылда Қазақстанда жылыжай көлемі 18% қысқарды. Мәселені реттеу үшін жылыжай құрылысына арнайы субсидия бөлінген. Қазір шамамен 30% дейін ұлғайды. Өнеркәсіптік жылыжайларға гектарына – 8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайларға гектары үшін 5 млн теңгеге жуық қаржыны мемлекет өтеп береді. Бірақ бұл шарадан кейін жылыжай ашуға асыққандардың қатары артпады. Көршімен салыстырғанда, заманауи жылыжай бойынша көштен әлі де алыспыз.
Сондықтан импорт та жоқ емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жабық жағдайда өсірілетін қызанақ өзімізде 100 мың тоннадан асып жығылады. «Импортқа келсек, Өзбекстаннан 10 мың тонна, ал Түркіменстаннан 25 мың тонна көлемінде қызанақ әкелінеді»,- дейді.
Алайда көрші елден алған ресми ақпаратта бұл дерек басқаша. Былтыр Қазақстанға өзбекстандық 34 мың тонна өнім жеткізілген. Таяуда Ташкент облысында ашылған жаңа 12 гектарлық жылыжай да осы көрсеткішті арттыруы мүмкін. Мұнда өсірілген қызанақтың әр келісі әзірге 900 теңгеге бағаланып отыр. Өнімділік гектарына орташа есеппен 300 келіге жетеді.
Асқар Асланов, жылыжай шаруашылығының басқарушысы:
- Мемлекет техника, тыңайтқыш және несие жағынан жеңілдік жасады. Биыл бірінші рет қызанақ алып отырмыз. Өнімділікке көңіл толады. Келер жылы қияр экспортын да бастаймыз. Көмірге көшкеніміз жақсы болды. Қызуы жоғары. Ресейге таяу арада қызанақ партиясын жөнелтеміз. Сосын Қазақстан нарығын да бағамдап көреміз.
Жалпы шаруаларды алаңдатқан негізгі мәселелер осы. Егер қаржыландыру тетігі реттелсе, заманауи жылыжайлар саны да артар ма еді.