Хабар телеарнасы

Құлпынай бағасы неге құбылды?

Түркістан облысында құлпынай еккен диқандардың еңбегі ақталмай отыр. Себебі базарлар мен сауда сөрелерінде сырттан келген өнім көп. Бағасы да қолжетімді. Ал жергілікті жеміс-жидектер арзандатылған бағада саудаланса, кеткен шығын өтелмейді.

Әбдіжәміл Қасымбаев 1 гектар алқапта құлпынай еккен. Оның көшеті мен күтіміне мемлекеттік бағдарлама арқылы 10 миллиондай несие қаражатын жұмсады. «Алайда шаруа дайын тауарды тиімді бағада сату мүмкін болмай тұр»,— дейді. Себебі өнімнің өзіндік құнынан нарықтағы баға арзандап кеткен.

Әбдіжәміл Қасымбаев, шаруа:
-Өткен жылы пияздың жағдайын көрдік, картошканың жағдайын көрдік, енді құлпынай еге бастап едік, оның да жағдайы осы болып отыр. Біздің өзіміздің өнімнің сапасы өте жоғары. Одан ешқандай ұялмаймыз. Бірақ бағасы болмай тұр. Биылғы жылы мен табыстың орнына 5-6 миллион қарызға батайын деп отырмын.

Биыл Сарыағаш ауданы бойынша барлығы мың гектар алқапқа құлпынай егілген. Шаруалар бағаның құбылауын импортталатын өнім құнымен байланыстырып отыр.

Ғанибек Әбдіжәмілұлы, шаруа:
-500-600 теңге болып баға түсіп кеткен. Алмайды ешкім. Күніне 20 адам істетемін, тапқан ақшамыз солардың ақшасына кетіп жатыр. Біз тердік па, сатуымыз керек.

Диқандардың айтуынша мәселені толық шешуге жергілікті басқармалардың құзыреті жетпейді. Сондықтан кедергіге тап болғандар тиісті министрліктен көмек сұрайды.

Данияр Қалтаев, «Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы:
-Сырттан келетін өнімдерге талабын күшейтсін. Стандарттар қойсын. Оларды тексерсін. Олар келген кезде жай кіріп жатқан жоқ, ауруларымен кіріп жатыр. Біз қанша өнім өндіре аламыз және қанша сата аламыз деген бізге мониторинг жүргізсін. Өзімізге керегін ғана кіргізсін.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары импорттық өнімдерге ешқандай шектеу қойылмайтынын айтады. Себебі бірқатар мемлекеттермен сауда-саттық нарығын дамыту туралы келісім бар. Сондықтан отандық өндірушілер бәсекеге төтеп беруі керек.

Мұхтар Әлиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:
-Биыл 20 тоннадай құлпынай әкелінді импортталған. Ең көп әкелетін Өзбекстан, Тәжікстан және Иран елдерінен келеді. Жалпы алғанда біз карантинді объекттерді бақылаймыз, қадағалаймыз. Биылға бұл бойынша заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

Осылайша Түркістан облысының диқандары үшін құлпынайды өзіндік құнынан арзан бағада сатудан басқа амал болмай тұр. Себебі шағын шаруашылықтардың өнім сақтайтын қоймалары жоқ. Қазір ішкі нарықта тауардың әр келісі 500 теңгеден саудаланса, былтыр базардағы баға бұдан екі есе қымбат еді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов