Петропавлда тасқынның зардабын жою қорына KAZ Minerals компаниясы ₸2,5 млрд аударды
Петропавлда көктемгі тасқынның зардабын жою қорына «KAZ Minerals» компаниясы 2,5 млрд теңге аударды. Бұл қаржы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге үй алуға жұмсалады. Баспанасы суға кеткендердің біразы пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлап жатыр.
Көктемгі тасқыннан қала тұрғыны Дарья Маневичтің үйі түгел суға кетті. Техникалық сараптама қорытындысы бойынша 1964 жылы қамыстан салынған баспана апатты деп танылды. Бұл зардап шеккен отбасы үшін ауыр соққы болды.
Енді ауыр күндер артта қалды. Су тасқынынан кейін Дарья Маневич бірден баспаналы болып, қуанышы қойнына сыймай тұр. Оған KAZ Minerals компаниясы қаланың қақ ортасынан 3 бөлмелі пәтер сатып әперді.
Дарья Маневич, қала тұрғыны:
-Мына пәтерді сатып алуға демеушілік жасаған KAZ Minerals компаниясына алғыс айтамын. Мен осылай тез арада баспаналы боламын деп ойлаған да жоқпын. Шынын айтқанда, әлі де сенбей тұрмын. Сәрсенбі өтініш бердік. Жұма күні ақша аударылды. Үйді өзім таңдадым. Ең бастысы орталықта орнадасқан. Балабақша, жұмысқа тиіп тұр.
Бұл Петропавлда «KAZ Minerals» есебінен сатып алынған алғашқы пәтерлер. Мыс өндіруден әлемдегі ең ірі компанияның бірі «QYZYLJAR ASAR» корпоративтік қорына қолдау ретінде қомақты қаражат аударды. Оның бәрі зардап шеккен тұрғындардың тезірек баспаналы болуына жұмсалады.
Қанат Омаров, «QYZYLJAR ASAR» КҚ атқарушы директоры:
-Одан кейін мінекей «KAZ Minerals Bozshakol» деген ұжым өздерінің мінекей көмектерін көрсетіп, 2,5 млрд қор жасап, 200-ден артық үй аламыз деп сондай мақсат қойып отыр. Бүгінгі күнге 73 үй алынды. Сол мінекей сол «KAZ Minerals» қоры берген сол өздерінің ақшаларына соның бәрін мінекей біз пәтер алуға мұршамыз келгенше жұмсап жатырмыз.
«KAZ Minerals» компаниясының қызметкерлері ақша аударып қана қоймай, Петропавлдағы су басқан аудандарды аралап көрді. Олар көктемгі тасқыннан үйсіз қалған халықтың жағдайынан бөлек, бұзылған инфроқұрылыммен танысты.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков