Хабар телеарнасы

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң 16 маусым күшіне енеді

Жаңа құжатқа нақты не енгізілді? Қоғамның қызу талқылауынан өткен заңнама әйелдер мен балаларға қаншалықты қорған бола алады?

Елімізде енді қит етсе, жақынына жұдырық ала жүгіретіндерге жаза күшейді. Ондайларға отбасында болсын, қоғамда болсын еркінсуге жол жоқ. Тіпті біреуді жеңіл жарақаттағанның өзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін Әкімшілік кодекстегі екі бап алынып тасталып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Енді оның жазасы күшейтілетін болады және қылмыстық кодекстегі сол екі баптың жазасы күшейтілді.

Атап айтсақ, 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазір бұл мөлшер 800 мың теңгеге жуықтайды. Ал адамды ұрып-соққаны үшін бас бостандығын шектеу жазасы заңнан мүлдем алынып тасталды.

Ренат Зулхаиров, ҚР ІІМ комитет төрағасының орынбасары:
-Сотқа ерекше талаптар аясында агрессорды үйінен уақытша қуу құқығы беріліп отыр. Сондай-ақ оны психологиялық көмек алуға мәжбүрлей алады. Мұндай істерде жәбірленушінің арыз беруі міндетті емес. Көрген кісінің куәлігі немесе фото, видео дәлел болса жеткілікті.

Заңдағы тағы бір өзгеріс: кісіні суицидке итермелеген адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендер және өлтіргендер өмір бойына темір торға қамалады. Балаларды автобус секілді қоғамдық көліктен түсіріп тастап, жәбірлегендер де жазаланады. Заңнамада кәмелетке толмағандарды қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Балаларды ұрып соққан жағдайда тараптардың татуласуы да алынып тасталды. Бұрын осындай істердің 30% жәбірленушінің кешірімімен жабылып келген екен. Мектепте бұзақылықты көрген мұғалім болған жағдайды құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Бұрынғыдай бас жарылса, бөрік ішінде деп жылы жауып қоюға енді заңмен тыйым салынады. Алайда заң тек жазалауды ғана көздемейді, отбасын сақтап қалуға да басымдық берілген дейді шенеуніктер.

Найла Мұхтарова, ҚР МАМ комитет төрағасының орынбасары:
-Бүгінгі таңда отбасыларға түрлі өмірлік жағдайды шешуге кешенді көмек көрсету үшін өңірлерде 68 қолдау орталықтары жұмыс атқарады. 2023 жылы 100 мыңнан аса консультациялар жүзеге асырылған болатын. 2025-2027 жылдар аралығында отбасыны қолдау орталықтарының санын 200-ден асыруға жоспарлап отыр.

Енді өмірлік қиын жағдайға тап болған адам «111» нөміріне хабарласа алады. Бұл нөмір шұғыл нөмірлер қатарына енгізілген. Яғни мобильді байланыс жоқ жерде де қоңырау шалып, көмек алуына мүмкіндік бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев