2024 жылы СҚО-ға «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1000 адам көшкен
Жыл басынан бері солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша мың адам көшіп барған. Оларға мемлекет тарапынан 250 мың теңгеден субсидия төленді. Сонымен қатар үй алуға немесе салуға қаражат бөлінеді. «Оны бастапқы жарна ретінде де қолдануға болады»,— дейді мамандар.
Нұрболат Лесбек солтүстікке 2021 жылы Түркістан облысының Төле би ауданынан көшіп келді. Көпбалалы отбасыға бірден жаңа үй мен жәрдемақы берілді. Әйелі мұғалім болып жұмыс істейді. Ал өзі көліктерге қызмет көрсету орталығын ашып, кәсіппен айналысады.
Нұрболат Лесбек, кәсіпкер:
-Солтүстік ұнайды. Ауа райымен, салқын. Әркім өзі әрекеттенсе болады ғой. Біреуге қарамау керек қой. Ниет қылып келдің ба, істеу керек. «Алма піс, аузыма түс»,— деп отыра бермей.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 3 мыңға жуық адам көшіп келеді деп жоспарланған. Қазір оларға бұрынғыдай үй салынбайды. Бастапқыда баспана жалдау ақысы төленеді. Ал сатып аламын десе, 4 млн 282 мың теңге көлемінде сертфикат беріледі.
Назерке Тасқұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
-Сонымен қатар көшіп келетін отбасыларға «Экономикалық ұтқырлық сертификат» ұсынылады. Яғни биылғы жылы ол мүмкіндікпен 162 отбасы қолданды. Үйді сатып алуға немесе үй құрылысына немесе бастапқы жарна ретінде сол сертификатты қолдана алады.
Сондай-ақ солтүстікке көшіп келемін деген адамдарға «Қоныс картасы» ұсынылады. Оған 191 елді мекен мен Петропавл қаласы енгізілген. Әр адам тұратын жерін өзі таңдайды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов