Конституциялық Сотқа 7 мыңнан астам өтініш түскен
Өткен жылдан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тұрғындардың өз құқын қорғау мақсатында бұл институтқа жүгінуі сенімнің бір көрсеткіші болса керек.
Бұл туралы елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Алқалы жиынға қазақстандық мамандардан бөлек, Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстан мен Қырғызстанның заңгер-ғалымдары қатысты. Басқосуда Конституциялық Сот төрелігін жетілдіру мәселесі талқыланды. Іс-шараға қатысқан Парламент өкілдері: «Әділетті қоғам орнауы үшін – сот төрелігі де осы принципке сай болуы керек», - деді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір байқасаңыздар, Контитуциялық Соттың шешімдерінің көбі адамдарға жақындап жатыр. Адамдардың құқығын басым қойып отыр. Сондықтан қазір талқыланып жатқан Конституциялық Сот судьясының баяндамасында да, Конституциялық Сот шешімдерінде адам құқығының құндылықтары туралы айтылып жатыр.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз конституцияны халыққа, адамдарға жасап жатырмыз. Теңдік, әділеттілік болу үшін деп. Әділетті қоғам болсын. Биліктің өзінде әділеттілік болуы керек. Қарапайым азаматқа сол керек. Әділеттілік принципін іске асыру – бірінші орында болу керек.