Орталық Азия жастары Алматыда бас қосты
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан мен Тәжікстанның жастар ұйымы тәжірибе алмасады. Алдымен мәдениет пен білім саласында күш біріктіреді. Өскелең ұрпақтың байланысын нығайту үшін ортақ мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Білім саласындағы тың әдістерді меңгеру үшін семинарлар өтеді. Қазақстанның «Ассамблея жастары» ұйымы көрші елдермен байланысты нығайтып келеді. Еске сала кетейік, 22 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында «Ассамблея жастары» мен Тәжікстан Жастар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:
-Біз бірінші кезекте бір арнаға жұмылып, қоғамдық байланысты арттыруымыз керек. Елдер арасындағы достықты нақты іспен жалғастыруымыз керек. Мысалы, білім беру немесе мәдениет саласында тәжірибе алмасып, жастар саясатындағы мықты мамандардың біліктілігін көтеруіміз керек.
Отабек Шавкатов, Өзбекстан жастары жаһандық ұйымының төрағасы:
-Бауырлас елдердің жастары да мәдени-ынтымақтастық байланысты дамытқаны дұрыс. Мысалы, біз Қазақстандағы Ассамблея жастарының қолдауымен өзбек диаспорасының басын қосып, мерекелік шаралар ұйымдастырып отырамыз. Өзбекстандағы қазақ диаспорасы мәдени немесе мерекелік шара ұйымдастырса қолдауға дайынбыз.