Хабар телеарнасы

ДСМ: Қорқор тартуға тыйым салу туралы заңды күшейту керек

Тыйым бар. Бірақ сақталмайды. «Көпшілік орынды көк түтінге айналдыратындар бұл тыйымнан тіпті бейхабар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі заңды күшейту керек»,– дейді. Бұл үшін тіпті жаңа нормалар қарастырып, қоғамдық талқылаулар өткізуге дайын. Ал қазіргі заңның кемшілігі неде? Қорқор тартқандарға салынатын айыппұл көлемі қандай? 

Қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйым бар. Міне бұл тыйымға да 4 жыл болды. Бірақ оны ұстанып, қорқордан бас тартқан мейрамхана, лаундж-барлар қаншалықты көп?

Тәртіп сақшылары үшін мұндай жанжалдар үйреншікті құбылыс. Себебі көпшілік қорқорға тыйым барын білмейді. Мейрамхана сатты, біз алдық. Мәселе неде дейді? 

Айдос Момбиев, Есіл аудандық ПБ жергілікті полиция қызмет бөлімінің басшысы:

-ҚР ДС кодексінің 110-бабында бәрі көрсетілген. Соған сәйкес, белгіленбеген арнайы орындарда қорқор тартқандар бойынша әкімшілік кодекстің 441-бабының 1-тармақшасы бойынша жауап көзделген. Яғни тек шеккен азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады.

Қорқорды тұтынғандар ғана емес, сатқандар да айыппұл арқалайды. Шағын кәсіпкерлер 25 АЕК, яғни 92 мың, орта кәсіпкерлер 40 АЕК, бұл 147 мың, ірі кәсіпкерлер 60 АЕК, яғни 221 мың айыппұл төлейді. Бірақ заңгер Аржан Сәдуақас: «Бұл сома кәсіпкерлер үшін өте аз»,– дейді.

Аржан Сәдуақас, заңгер:

-Кәсіпкер, мысалы оны төлейді де, 5-6 кальян сатады да, сол айыппұлдың ақшасы шығады. Айыппұлын төлейді де, тұтынушыларға кальян бере береді. Ал тұтынушыларды тексерген кезде оларға айыппұл салған заңсыз. Себебі ол жерде ресторанның аумағында сол кальяндарды сатып жатқан кәсіпкерге айыппұл салынуы тиіс. 

Денсаулық сақтау министрлігі де қазіргі заңның әлсіз тұстары барын мойындайды. Сондықтан талаптарды күшейту үшін жаңа нормативтер қарастырып жатыр.

Әлия Бекжанова, ҚР ДСМ Қоғамдық Денсаулық сақтау және ҮЕҰ серіктестік басқармасының басшысы:

-Қазіргі таңда кальянға қатысты нормалар Денсаулық сақтау министрлігімен және де басқа да органдармен пысықталуда. Айта кету керек, бір ұстаным қабылданған жағдайда ғана бұл түзетулер қоғаммен және бизнес қауымдастықпен талқыланатын болады.

«Өзгерістер күшіне енсе, қоғамдық орындарда қорқор тартқандар да, сатқандар да қазіргіден де көп айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бірақ бұл ең алдымен, адамдар өз денсаулығына жауаптырақ қараса екен деген ниетпен жасалады»,– дейді мамандар.

Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев