Алып сәбилер көбейді
Астанададағы перинаталдық орталықтардың бірінде туған 6 мыңдай сәбидің 1 мыңнан астамы 4, тіпті 6 келі салмақпен дүниеге келген. Жұрт бұл жағдайды «алып,,, анадан туады» деп қуана қабылдайтыны анық. Бірақ ақ халаттылар дабыл қағып отыр.
Гүлшат Оспанованың үшінші сәбиіне аяғы ауыр. Уақыт жақындаған сайын уайымы да күшейген. Себебі оған жүктіліктің 8-ші айында қант диабеті диагнозы қойылды.
Гүлшат Оспанова, қала тұрғыны:
- Бала іште жатып тез өсіп кетеді. Салмақ жинайды. Содан кеше консиллиум болып, акушеріміз шешті 37 аптасында мені ертерек тудырып алуға.
Бұған дейін Гүлшат алып сәби босанған. Екінші баласы шамамен 5 келі болып туылды.
Гүлшат Оспанова, қала тұрғыны:
- Ең біріншіден, ол балаға қауіпті ғой. Диагнозбен туылды. Родовая травма дейді. Өте қиналды. Шынымды айтсам өліп кете жаздадым.
Ақ халаттылардың айтуынша, биыл Астанада туған әр алтыншы сәбидің салмағы 4 келіден асады. Бұл баланың да, ананың да денсаулығы үшін қауіпті.
Сәуле Аманбекова, қалалық перинаталдық орталықтың директоры:
- Әйелдерде босанудың әлсіздігі, босану жолының жарақаты, босанғаннан кейінгі қан кету, жатырдың жарылуы, жамбас эффезиті сияқты асқынулар болуы мүмкін.
Акушер-гинекологтар алып сәбилердің дүниеге келуі - аналардың өмір салтына тікелей байланысты,-дейді. Сондықтан болашақ аналарға денсаулығына ұқыптырақ қарауға кеңес береді.
Мадина Өтелбаева, акушер-гинеколог:
- Менің тәжірибемде 6 кг 300 грамм болып дүниеге келген бірнеше сәби болды. Көбіне оған аналарының артық салмағы, қант диабеті сияқты ауруларының болуы, қимыл-қозғалысының аздығы сияқты факторлар әсер етті. Сондықтан жүктілік кезінде йога, жүзу сияқты спорт түрлерін қосқан жөн.
Нутрициолог Салтанат Әбдірасылова, аналарға ең алдымен, дұрыс тамақтануды қолға алу керектігіне сенімді. «Себебі ол, өңделген тағамдар мен фаст-фуд, газдалған сусындар - қандағы қант деңгейін көтереді»,-дейді.
Салтанат Әбдірасылова, нутрициолог:
- Ең бастысы ол жүкті ананың бойындағы қанттың мөлшері. Қант мөлшері қаншалықты көп болса, сол баланың бойындағы глюкозаны көбейтіп жібереді. Глюкозаның көп боулы - баланың туылған кездегі салмағына қатты әсер тигізеді.
Сондықтан әрбір болашақ ана – оның өмір салты мен денсаулығы балаға тікелей әсер ететінін ұмытпағаны жөн.
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Мейірбек Бесбаев