Хабар телеарнасы

Елдегі әуе компаниялар жүк тасымалдауға неге құлықсыз?

Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға жетті. Бұл орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Біздің әуе компаниялар бұл бизнеске неге құлықсыз? Не кедергі?

Әлемде онлайн сауда дамыған шақта жүк тасымалына сұраныс артты. Қазір бүкіл дүние жүзінде бұл сала табысты бизнестің біріне айналып отыр. Тиісінше біздің ел де бұл көштен кеш қалмауы тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент осыны меңзеген еді.

Жалпы Қазақстанның логистика саласында әлеуеті зор. Бүгінде еліміз арқылы 13 халықаралық дәліз өтіп жатыр. Олардың 5-і теміржол, 8-і автомобиль жолдары. Аталған бағыттар арқылы былтыр 30 млн тоннадан астам транзиттік жүк тасымалданыпты. Олардан түсіп жатқан табыс та аз емес.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Жалпы былай есеп жасағанда, бір көліктен елде жүргенде 500 мыңға дейін ақша түседі деген болжам бар. Оның жаңағы жанармайы бар, басқасы бар, бәрін есептегенде. Сонда біздің елден 1,5 млн көлік жылына өтетін болса, біздің ішкі өнімдегі үлесі 750 млрд теңгені құрайды.

Енді елімізге әуе жүк тасымалын арттыру қажет. Себебі ол уақытты едәуір үнемдейді. Бірақ бұл салада қазақстандық компаниялардың үлесі мардымсыз. Оған не себеп? Көлік министрлігі мамандарының сөзінше, бұл ең алдымен авиаотын тапшылығымен байланысты. Әрі ол өте қымбат.

Динара Асанова, ҚР КМ әуежайлар басқармасының бас сарапшысы:

-Қазіргі таңда JET-A1 маркалы авиаотынды Қытай мен Түркіменстаннан әкелу жоспарымызда. Басқа мемлекеттен жанар-жағармайды алып келеміз авиотынды. Енді оны сақтауымыз керек қой. Сақтайтын жерлерін дайындау керекпіз. Сол бойынша тағы да стандартқа сәйкес болу керек. Сол бойынша заңнамаға да өзгеріс енгізіп жатырмыз.

Одан қалды әуе жүк тасымалын арттыруға әуежайларымыздың да инфрақұрылымы сәйкес келе бермейді. Президенттің тапсырмасы бойынша қазір Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Қарағанды аэропорттары жаңғыртылып жатыр. Оларда заманауи жүк қоймалары орналасады, аумағы кеңейеді.

Динара Асанова, ҚР КМ әуежайлар басқармасының бас сарапшысы:

-Бұл жұмыстар енді 1 жыл шамасында жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қаласында арнайы экономикалық аймақ бойынша жұмыс бітті. Сонымен қатар Астана, Шымкент қалаларында қазір біту жоспарлануда.

Енді бұл саладағы сандарға көз жүгіртсек. 2023 жылы еліміздің әуежайларында 150 мың тоннаға жуық жүк өңделсе, былтыр бұл көрсеткіш 170 мың тоннадан асқан. Ал министрліктің алдында 2028 жылға дейін тауар тасымалын 300 мың тоннаға жеткізу міндеті тұр.

«Президент көктемде өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын осы тақырыпқа арнаймыз»,– деді. Себебі еліміз үшін көлік-транзит және логистика саласының стратегиялық маңызы зор.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев