«Мета» компаниясы мен «Қазақстанның авторлық қоғамы» Instagram және Facebook платформаларында қазақстандық музыканы пайдалану мәселесін реттейтін шартқа қол қойды.
Осыдан 5 ай бұрын әлеуметтік желі қолданушылары отандық авторлардың музыкасы желілерден жоғалып кеткенін байқады. Мұндай шектеудің туындауына не себеп болды? Қазақ елі мен «Мета» компаниясы қол қойған шарттың маңызы неде?
Лицензиялық келісімдердің қолданылу мерзімі аяқталуына қарай қазақстандық музыкалар әлеуметтік желілерде уақытша бұғатталған еді. Жарты жылға жуық созылған келіссөздер нәтижесінде «Мета» компаниясы мен «Қазақстан авторлар қоғамы» отандық музыканы инстаграм және фейсбукке орналастыру туралы ортақ шешімге келді. Тараптар арасындағы келісім мерзімі ұзарту шарттарымен 2 жылға жасалды.
Шолпан Әбдіреева, Зияткерлік меншік комитетінің төрайымы:
- Шектеулер авторлық құқықты сақтау қажеттілігінен туындаған еді. Халықаралық және ұлттық заңнама авторлармен тікелей немесе олардың мүдделерін білдіретін ұйымдармен шарттардың болуын талап етеді. Мұндай келісімсіз музыканы цифрлық платформаларда пайдалану мүмкін емес және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
Қазнет қолданушылары отандық орындаушылардың бұрын өшірілген әндері қайтарылғанын бірден байқаған.
Meta корпорациясының қызметтеріндегі қазақстандық музыкалық контент 2024 жылдың 27 қарашасынан бастап қолжетімсіз болған. Оған Қазақстанда Авторлар қоғамына ұқсас 15 ұйымның болуы себеп болған. «Мета» олардың қайсысымен келісімшарт жасасу керектігін анықтай алмаған. Өйткені көптеген елдерде әртістердің авторлық құқықтарын бір ұйым ғана басқарады.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Өнімдердің иесіне өзінің авторлығын қорғауда салғырттыөқ танытпай, барлық төл туындыларын дер кезінде мемлекеттік органдарда авторлық қауымдастыққа тіркеп, оның заңды түрде қолданылуына мән беруін сұраймыз.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, зияткерлік меншік цияфлануы мүмкін. Қаламақы төлеу цифрлық жүйеге өтеді. Әр орындаушы туындысы қанша рет орындалғанын, қанша табыс түскенін жеке кабинет арқылы бақылай алады.
Айта кетейік, Әділет министрлігі мен «Мета» компаниясы 18-сәуірде кездесу өқткізеді. Тараптар зияткерлік меншікті ары қарай қорғау мәселесін талқылайтын болады.