21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Осыған орай Астанада 3 күндік форум жұмысын бастады. Музей, театр, кітапхана, архив және мәдени-демалыс ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері елордаға жиналды.
Мәдениет қызметкерлерінің форумына еліміздің әр аймағы мен қалаларынан жетекші мамандар келді. Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосуда қоғамдық кітапханаларды дамыту жайы қаралды. Салаға заманауи стратегиялар мен цифрлық трансформация қажет екендігі айтылды. Өзара тәжірибе алмасу үшін тәжірибелі кітапханашылар шеберлік сағаттарын да өткізді. Ертең Ресейден келген сарапшылар да озық тәжірибелерімен бөліспек. кітапханашылар арасында республикалық байқау да өтіп жатыр.
Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Біз төреші ретінде қағидаларға сәйкес танысамыз. Оның ішінде өзінің номинациялары бар. Облыстық, аудандық және ауыл деңгейіндегі үздік кітапханаларды және үздік кітапханашыларды таңдап алу.
Музей қызметкерлері де саланы өркендету жолдарын талқылап жатыр. Осы орайда Астанадағы Ұлттық музейде ежелгі археологиялық жәдігерлерді қалпына келтіру орталығы ашылды. Сондай-ақ III музей конгресі өтті. Іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Молдова елдерінің ғалымдары, музей қызметкерлері және өнер қайраткерлері қатысты.
Ақмарал Ибраева, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары:
-Мысалы, қылышымыз бар. Сонау ежелгі қола ғасырына жататын. Ол үгітіліп тұр немесе бізде текстильден, матадан жасалған бұйымдар бар. Оларды қазір тіпті ұстауға, қоюға мүмкіндік болмайды. Қазір текстиль маманы дейміз, матадан жаңағы, одан кейін металл маманы дейміз, ағаш маманы дейміз, сол рестовраторларға біз сол заттарды көрсетіп практикалық тұрғыда біз оны қалай әрі қарай қалпына келтіре аламыз. Осы мәселені біз нақты түрде талқылағымыз келіп отыр.
Айта кету керек, кеше елордада халықаралық музей күніне орай «Музей түні» акциясы ұйымдастырылды. Ерекшелігі: келушілерге мұражай қызметкерлерімен бірге елге танымал тележұлдыздар да қызмет көрсетті. Олардың қатарында «Хабар» арнасының жүргізушілері де болды.
Зейін Әліпбек, тележурналист
-Кеше күн жаңбырлы болды. Қалың нөсер болды. Соған қарамастан халық өте көп келді. Бұл қуантатын жағдай. Шынында да. Кешегі көрмеде 20-дан астам көрме-зал жұмыс істеді. 14 мыңнан астам жәдігер қойылды. Ұлттық музей ол жай ғана археологиялық орталықтардың жиналған бір жері емес, киелі қасиетті орын.
Форум аясында театр өнерін дамыту жолдары қарастырылмақ. Бұл мақсатта Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында техникалық бөлім мамандарына арналған семинар өтеді. Суретшілер, декораторлар, дыбыс және жарық қоюшыларға шетелден арнайы шақыртылған білікті мамандар дәріс береді. Жалпы форум жұмысына елдің барлық өңірінен 700-ден астам мәдениет саласының қызметкері қатысады.
Диана Қадыр, Айдос Меделбеков, Нұрлан Абилдин